Білім

Облыстық “Жүзден жүйрік” байқауы өтті

Сайыстың алғашқы кезеңі сырттай өткен. Оған өңір аудандарынан 77 адам қатысып, эссе жазыпты. Соның ішінен, 42 үміткердің жұмысы жоғары бағаланып, ақтық сынға қатысуға мүмкіндік алған.


Гүлдәрия Сабырова – Айыртау ауданындағы Сырымбет орта мектебінің ұстазы. 2 жылдық еңбек өтілі бар жас маман биылғы жарысқа бірінші рет қатысуда. Ол байқауға үлкен дайындықпен келіп отыр.

Гүлдәрия Сабырова – Сырымбет орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Айыртау ауданы:


– Бүгінгі облыстық байқаудың ең бірінші кезеңінде – таныстырылым. Мұнда біз тіл туралы ақын-жазушыларымыздың жазған толғаныстарынан үзінді оқимыз. Екінші кезеңде тест тапсырамыз. Авторлық бағдарлама қорғау сайысында мен өзімнің “Әдебиеттің құндылығы” курсын қорғаймын. Сырымбет орта мектебінде білім алатын оқушыларға арнап, туған өлкенің ақын-жазушыларын, сал-серілерін және т.б. бір жыл көлемінде оқытып, меңгертемін. Сол курсымды қорғаймын.

Бүгінгі облыстық “Жүзден жүйрік” байқауында қатысушылардың кәсіби шеберлігі 3 кезең бойынша сыналады. Үміткерлер қазақ тілі және әдебиеті пәнінің теориясын біліп қана қоймай, оны әдістемемен сабақтастырып, жетілдіре білу керек, – дейді сайысты ұйымдастырушылар.

Балғаным Оспанова – “Өрлеу” БАҰО” АҚФ “СҚО ПҚ БАИ” аға оқытушысы:


– Жалпы байқаудың басты мақсаты – жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асыруға жағдай жасау. Сондай-ақ, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби шеберліктерін дамыту.

Байқау нәтижесі бойынша сайыстың жеңімпазы мен жүлдегерлеріне диплом, алғыс хат және сертификат табысталмақ.

Тоғжан Ақмағамбетова