МТРА жаңалықтары

Петропавлда психолог мамандарға арналып суицидтің алдын алу бойынша семинар ұйымдастырылуда

Не себепті, адам жан күйзелісіне ұшырап, осындай қадамға барады? Бүгін облыстық психоневрологиялық диспансерде бас қосқан мамандар бұл жағдайлардың пайда болуын талқылап, алдын алу үшін пікірлерімен бөлісті.

Татьяна Яковлева – СҚО психоневрологиялық диспансерінің психологы:


–  Биылдан бастап өңірімізде кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында суицидтің алдын алу бойынша жол картасы енгізілді. Оның аясында арнайы семинар ұйымдастырылып, 46 маман білімін жетілдіруде. Семинар аясында біз 8-ші және 10-шы сынып оқушылары мен 1-ші курс студенттері арасында тәжірибелік жұмыс жасаймыз.

Семинар үш кезеңнен тұрады. Алғашқысын дәл қазір Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының сарапшысы Владимир Хон өткізуде. Алматылық маманның айтуынша алғашқы көмек алуға келген науқаспен кез келген дәрігер етене әңгімелесіп, оның суицид жасауға әрекетінің бар-жоқтығын алдын ала біліп отыруы керек. Кейін осы бағытта жұмыс жасап, емделушінің жанын күйзелткен мәселені шешуге септесуі қажет.

Владимир Хон – Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының сарапшысы, Алматы қаласы:


–  Адамдардың 65-70 пайызы өз мәселелерімен психиатрларға емес, олар медициналық-санитарлық көмек көрсету мамандарына жүгінеді. Оның ішінде психологиялық проблемалар да бар. Сол себепті, терапевт, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер психология бойынша білімдерін жетілдіреді. Олар да суицид жасауға әрекеттенгісі келіп жүргендерді анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізе білулері керек.

Мейрам Әлімжанов – Уәлиханов аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибедегі дәрігері. 2011-ші жылы Қарағанды мемлекеттік университетін бітіріп 5 жыл бойы аталмыш ауданда еңбек етуде. Жас маманның айтуынша бүгінгі семинардан білген-түйгендері тәжірибеде аса қажет.

Мейрам Әлімжанов – Уәлиханов аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибедегі дәрігері

– Жаңа ғана бізге адамдардың 60-70 пайызы психиатр мамандарға емес дәрігерлерге жүгінетіндігін айтты. Сол себепті осында үйретілгендердің барлығын мен тәжірибеде қоданып, күйзеліске ұшыраған науқастарға барынша көмек көрсететін боламын.

Жалпы қарашаның 14-і басталған семинардың алғашқы кезеңі осы айдың 19-ына дейін жалғасады. Кейін барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.

 

Риат Шони