Спорт

Петропавлда веломаусымның жылдық қорытындысы жасалды

Биылдың өзінде түрлі деңгейдегі 6 сайысқа қатысып, 9 медальді еншілеген. Ендеше іні-қарындастарына да айтары мол. Спортта ең бастысы, алдыңа мақсат қойдың ба соған жету үшін көп еңбектену керек дейді.

Никита Кабачёк – маутинбайктан Қазақстанның 4 дүркін жеңімпазы:

– Діттегеніңді еш уақытта орта жолда аяқсыз қалдырмау керек. Менің әлі де алға қойған мақсаттарым көп. Бастысы, қажымай еңбектену. Өмірлік ұстанымым – осы. Бүгін келіп отырған балғындарды да велоспортпен шұғылдануға шақырамын.

Кездесуде жас болса да бірталай табысқа жетіп үлгерген велошабандоздарға оқушылар қызықтырған сұрақтарын қойды. Олардың жетістіктері жайлы әңгімелерін ынта қойып тыңдады. Және болашақта спортшы болғысы келетіндерін жарыса айтты.
Бүгінде өңірімізде 210-ға тарта жас велоспортпен айналысады екен. 23-і Ұлттық құраманың сапында ел намысын қорғап жүр.

Владимир Парахин – велосипед спорты бойынша ОРБЖСМ директоры:

– Бүгін біз спортшылардың бір жылдағы жетістіктерін қорытындылап отырмыз. Конференцияға қатысқан мектеп оқушылары мен ұстаздар велошабандоздармен жақынырақ танысты, олардың қалай шынығатындарын көрді. Негізі, бізге велоспортпен айналысуға 10 жастан асқан балалар келе алады. Сондықтан, балаларды біздің қатарға шақырамыз.

Бұдан кейін балғындарға Спорт сарайында экскурсия өткізілді. Олар велобазадан бөлек, жеңіл атлетика манежі мен хоккей кортын аралады.

– Маған маутинбайк өте ұнайды. Бүгін кездесуден кейін менің де бұл спортқа деген қызығушылығым одан бетер арта түсті. Енді велоспортпен айналысуды көздеп отырмын.

– Спорт сарайында маған бәрі ұнады. Спортшылармен де кездестік. Солар сияқты велоспортпен айналысып, жеңімпаз атанғым келеді.

 

Айсұлу Серғали