МТРА жаңалықтары

Петропавлда Болат Қожахметовтың 70 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кеш өтті

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:


–  Халқымызда бір жақсы сөз бар: “Туған азамат өз туған жеріне ту тігеді” деген. Сондай азаматтың бірі Болат Қожахметов өзіңізсіз. Өйткені туған өлкеңізде 50 жылға жуық уақыт білдей бір газет редакциясында еңбек еттіңіз. Сіздің еңбек жолыңыз өскелең ұрпаққа өнеге.

Бұдан соң Анархан Дүйсенова мерейтой иегері Болат Қожахметовке облыс әкімінің атынан Құрмет грамотасын табыс етті. Қазіргі уақыта СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Ескендір Елеусізов дарынды тұлғамен Николаевка орта мектебінде 4-ші сыныптан бастап бірге оқыпты. Сол кезде Болат ағаның шығармашылық шеберлігі байқала бастады дейді.

Ескендір Елеусізов – СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:


– Мектепте мұғаліміміз Болаттың шығармасын бізге көрсетіп, осыдан үйреніңдер дейтін. Ол әдебиетке жақын болды.

Болат Қожахметовты бүгінде танымайтын адам жоқ. Себебі жерлесіміз өмірінің 48 жылын журналистикаға арнапты.

Амандық Жантеміров – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері:

– 1965 жылы тың өлкесі жабылғаннан кейін облыстық газеттер қайтадан қалпына келе бастады. Сол кездегі “Ленин туы” редакциясына жаңадан жастар келіп жатты. Олардың арасында Болат та бар. Оның өлеңдері газет беттеріне жарияланып жүрді.

ҚР Мәдениет қайраткері, еліміздің құрметті журналисі Болат Қожахметов өлең жазуға бала кезінен ден қойыпты. Бүгінде оның жарыққа шыққан екі кітабы бар. Алғашқы туындысы “Көктем” деп аталады. Оны 1958-ші жылы жазған екен. Ал жуырда ақынның “Өзім және өзгелер жайында” деген кітабы жарыққа шықпақ. Оған тек эссе жанрындағы туындыларын кірістірмекші екен.

Болат Қожахметов – ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР құрметті журналисі:

– Менің негізгі тақырыбым мәдениет болды. Ол кезде газет күнде шығады. Және мақалада ауқымды. Журналист мамандығының бір қиындығы сенің шабытыға қарамайды. Әйтеуір жазу керек. Ол кезде газеттің беделі жоғары болды.

Қазанның 22-сі күні Болат аға 70 жасқа толды. Бүгінде зайыбы Мәруар апай екеуі 5 баланы тәрбиелеп өсірген. Шығармашылық кеште ҚР Мәдениет қайраткері, еліміздің құрметті журналисін құттықтай келген зиялы қауым өкілдері өз тарту-таралғысын беріп, үстіне шапан жапты.
Шара соңы ән шашуға ұласты.

Риат Шони