Құқық қорғау органдары

Есіл ауданында жол-көлік оқиғасы орын алды

«Ауди» және «Нива Шевроле» автокөліктері соқтығысып, алғашқы көлік жолдан шығып кетіп, мұз қатқан қазаншұңқырға түскен. Бұл кезде «Жезқазған-Петропавл» тас жолында патрульдеуде жүрген полицейлер жапа шегушілерді құтқаруға ат салысыпты.

Қанат Фазылов – СҚО ІІД ЖПҚ жол-патрульдік полициясы батальоны 1-ші взводының инспекторы:

– Көліктен ерлі-зайыптыларды алып шықтық. Әйел адам ауыр халде болды. Оның тыныс ала алмай жатқанын байқаған соң, қолдан тыныс алдырып, жүрегіне массаж жасағаннан кейін есін жинады. Тез арада жедел жәрдем келіп, оларды ауруханаға алып кетті.

Зардап шеккендер Есіл аудандық ауруханасына жеткізіліпті. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, толыққанды тексеруден өткен соң үйлеріне жіберілді.

Александр Розбах – СҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы:

– Қыс маусымының келуіне байланысты жүргізушілерге тез арада қысқы дөңгелектерге көшулерін, сонымен қатар белгіленген жылдамдықты асырмай, ара-қашықтықты ұстауды сұраймыз.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы өткізілуде. Акция барысында жолда 1 күннің ішінде 402 құқықбұзушылық тіркеліпті.

 

Айсулу Сергали