Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақтық сот сараптамасы институтына өте қажетті сараптама түрлері енгізілді

Шет елдерде құрастырылған аппараттардың көмегімен сарапшылар адамның қанына, шашы, тырнағы және шәуетіне сынама жасайды. Биологиялық нысандардың оқиға орнынан табылған дәлелдемелік заттармен сәйкестігін анықтайды. Бұл үрдіс ғылыми тілмен айтқанда, сот молекулярлық-генетикалық зерттеу деп аталады.

Мадина Жандосова – Сот сараптамасы орталығы СҚО бойынша сот сараптамасы институтының молекулярлық-генетикалық зерттеу бойынша сарапшысы:


– Биологиялық туыстықты анықтау, әйелді зорлау, кісі өлтіру, бала ауысып кету, нәрестенің әкесін анықтау, белгісіз адамдардың жеке тұлғасын анықтау кезінде молекулярлық-генетикалық сараптама түрі жүргізіледі. Адамның денесіндегі ДНҚ-ға зерттеу жасалады. Нақты ақпаратқа қол жеткізіледі. Бұған дейін мұндай сараптама түрлері Астана, Алматы Атырау, Қарағанды, Өскемен, Шымкент, Ақтөбе, Талдықорған қалаларында жасалып келген.

Мадина Жандосова М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің жаратылыстану ғылымдары факультетін биыл тәмамдаған. Жас маман осы жұмыс орнын алу үшін қатаң іріктеуден өтіпті. Кейін Алматы және Астана қалаларындағы институттарда 2 ай тағылымдамадан өткен екен. Бұл зертханада жеке тұлғаларға да қызмет көрсетіледі. Айталық, перзентханада ауысып кеткен несеме жоғалған баланың биологиялық ата-анасын анықтайды. Бұл қызмет ақылы, бір адам үшін – 45 мың теңге. Бүгінде СҚО бойынша сот сараптамасы институтында барлығы 18 сарапшы бар. Оларға Совет көшесінде орналасқан 58-ші үйдегі аядай бөлмелер тарлық етіп келді. Сондықтан, мамандарға биыл Абай көшесіндегі 45-ші үйден бөлек орын берілді.

Жаңа ғимаратта 8 кабинет бар. Әрбіреуіне 2 маманнан отырғызылыпты.

Бақытгүл Жұманбаева – Сот сараптамасы орталығы СҚО бойынша сот сараптамасы институты директорының орынбасары:

– Енді жұмыс аумағы кеңейді. Сәйкесінше, үстіміздегі жылы жергілікті институтқа жаңа үш бірдей сараптама түрін енгіздік. Олар психологиялық-криминалистикалық және психологиялық-филологиялық зерттеу деп аталады. Және үшіншісі молекулярлық-генетикалық сараптама. Бұдан былай біз барлығы 24 сараптама түрін жасай аламыз.

Зульфия Қаңтарбаева – Сот сараптамасы орталығы СҚО бойынша ССИ психологиялық-криминалистикалық зерттеу бойынша сарапшы:


– Биыл институтта жаңа бағыт – Адамның психофизиологиялық процесстерінің сот сараптамасы деп аталады. Күдікті, айыпталушы, жәбірленуші, тергелушілермен жұмыс жасаймыз. Олардан тергеушілер мен ІІД-ті қызметкерлері тарапынан қысым жасалған-жасалмағандығын анықтаймыз. Осылайша біз сот жүйесіне қажетті маңызды іс атқарамыз.

Мына бөлмеде сот-баллистикалық сараптама жасалады. Дәлірек айтқанда, қылмыскердің қаруынан атылған оқ гильзасының дәлелдемелік затпен сәйкестігі тексеріледі. Осындағы аппараттардың көмегімен жол-көлік апаты жағдайлары мен көлік құралдарының сараптамасы өткізіледі.

Айман Жаныбаеваның міндеті басқа. Нәзікжанды өрттің шығу себебі, салдарын анықтайды. Ал мына бөлмеде Динара Қайруллина құжаттардың жалған көшірмесін тексеруде.

Динара Қайруллина – Сот сараптамасы орталығы СҚО бойынша ССИ Жазу мен қолтаңбаны зерттеуші

– Мен жазу мен қолтаңбаларды, мәтіндер мен сандық жазбаларды тексеремін. Арнайы әдіс арқылы құжаттың жалғандығын анықтаймын.

Осында қаржылық қылмыстарды арнайы әдіс арқылы біледі. Артынша зерттеу қорытындысын құқық қорғау органдары мен соттарға жөнелтеді. Қылмысқа қатысы бар бұйымдар мен құжаттар сот процесінде айғақ заттардың бірі ретінде қолданылады.

Берік Қасен