Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда кезекті күзгі дала жұмыстары қорытындыланды

Бұдан соң ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнін атап өтуге келгендер үлкен залға жиналды. Ел дәулетін еселеген мамандардың еңбегі өлшеусіз. Өйткені бұл жандар 25 жыл ішінде экономиканың маңызды саласы – ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлестерін қосуда. Бұны мамандарды төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов айтты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елбасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылы өңірге жұмыс сапарымен келгенде: “СҚО-ың жетістігі – ауқымды әрі бірлескен жұмыстардың қорытындысы”, – деген болатын. Биылғы орақ науқаны да ортақ мақсат пен біріккен күштің нәтижесін көрсетті. Облысымыздың ауылшаруашылығы еңбеккерлері осы орақта рекордтық 5 млн 768 мың тонна астық жинап, мерейтойлы жылға өзіндік тарту жасады. Мен барша диқандар қауымын бұл жетістікпен шын жүректен құттықтаймын.

Астығы аста-төк. Бұл әрине солтүстік өңірі. Жер ана берген ырыздықты биыл диқандар ысырапсыз жинап алды. Уақыт өткен сайын қамбаға құйылатын алтын дәнде артуда. Мәселен, 1991-ші жылдармен салыстырғанда өңірімізде жиналған астық 2,5 есеге өсті. Егіс алқаптарында берекелік бұрындары гектарынан 6,4-ақ центнер болса, қазір 18-ге жетіп отыр. Ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген кәсіпорындардың да саны біртіндеп артып келеді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде өңірде 861 ауылшаруашылығы кәсіпорны, 3 мың 653 шаруа қожалықтары және де 130 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылықтар жұмыс істеуде. Жыл сайын агроөнеркәсіп саласы дамып келеді. Жаңадан мал шаруашылығы кешендері салынып жатыр. Облыста жалпы көлемі 6,6 млн тоннаға жететін 52 нан қабылдау орындары жұмыс істеп тұр. Жыл басынан ауылшаруашылығы тауар өндірушілері 189 мың АҚШ долларын құрайтын 1 млн 46 мың тонна өнімді экспорттады.

Сондай-ақ, өңірде ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған Карта құрастырылыпты. Оның аясында биыл сомасы 1,1 млрд теңгеге жететін 11 жоба іске асып, нәтижесінде 131 жаңа жұмыс орны пайда болды. Көп ұзамай кезек салтанатты марапаттауларға келіп жетті.

Биылғы орақ науқанында аянбай тер төгіп, ырыздықты жинауда көш бастаған аудандар да анықталды. Бұл көрсеткіш бойынша аққайыңдық аграрийлер оқ бойы оза шапты. Аталмыш аудан гектарынан 21,7 центнер бидай алыпты. Жоғары көрсеткіш үшін аудан басшысына облыс әкімі Ерік Сұлтанов 15 млн теңгенің сертификатын табыс етті.

Еркін Жақыпов – Аққайың ауданы әкімінің орынбасары:

– Рекордтық көрсеткішке қол жеткізген шаруа қожалықтары бар. Мәселен, “Астраханское” ЖШС гектарынан 35 центнер ырыздық алды. Үкіметтен 800 млн теңгеден артық субсидия бөлінді. Ауданға 877 млн теңге инвестиция тартылды.

Мерекелік іс-шара барысында ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісінің иегерлері де марапаттарын алды. Қошеметке бөленгендердің қатарында “Мәмбетов и К” КС механизаторы Ардақ Сағитов та бар. 31 жыл бойы осы салада аянбай тер төгіп келе жатқан азамат өз тәжірибесінде “Нива”, “Енисей” сынды комбайндарды да тізгіндепті.

Ардақ Сағитов – “Мәмбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:

– Мен биылғы жылы отандық өнім “Есіл-763” комбайнын тізгіндедім. Ол Қостанай қаласында шығарылады. Барлығы тамаша. Біздің климатта егінді жақсы жинайды.

Ал Сәкен Қайыржанов болса бүгін облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Ол Жамбыл ауданындағы “НТС-Агро” ЖШС-де 10 жыл бойы бас агроном қызметін атқарып келеді. Биыл аталмыш шаруа қожалығы қамбаға 10 мың тонна алтын дәнді құйыпты.

Сәкен Қайыржанов – “НТС-Агро” ЖШС бас агрономы, Жамбыл ауданы:

– Биылғы орақ науқаны біз үшін сәтті аяқталды. Уақытында шығып, барлығын жинап үлгердік. Гектар берекелігі 25,5 центнерді құрады. Қамбаға 10 мың тонна алтын дән құйдық.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Бүгін ауылшаруашылығы еңбеккерлерін төл мейрамдарымен қазақ эстардасының жұлдызы Мәдина Сәдуақасова да құттықтап, ән-шашу сыйлады.

Риат Шони