Спорт

«Құлагер» ХК қарымта ойында «Астана» ХК-нан басым түсті

Үзілісте бапкердің берген кеңестерін тыңдап шыққан хоккейшілер жаңа толқынмен шабуылдауға көшті. Ширақ қимылдаған «Астана» ойыншылары мұз айдынында өздерін еркін сезінуде. Қауіпті сәттер туғызып, қақпашы Андрей Янковты жиі мазалап жатты. Осындай қауіпті сәттердің бірінде он жеті жастағы елордалық Саян Данияр көзге түсіп, командасын алға шығарды.

Ал араға төрт минут салып құлагерліктер де қуанышқа бөленді. Петропавлдық ұжымның алғашқы бестігі тамаша шабуыл ұйымдастырып, Максим Горечишников пен Владимир Бакиканың шығарған нәтижелі пасын Иван Иванов ғажап голға айналдырды.

Есеп 1-1. Осындай көрсеткішпен командалар екінші жиырмаминуттықты аяқтады.

Ал шешуші үшінші периодты тағы да қонақтар жақсы бастады. 41-ші минутта Вадим Лавриненко есепті 1-2-ге дейін жеткізді. Үш ұпай үшін таласқа түскен қос команда жан алысып, жан берісіп бар күштерін салды. Айдын иелерін жанкүйерлер де барынша қолдап, жеңіс тілеп жігерлендіріп жатыр.

Жанкүйерлердің қиқуымен алға басқан құлагерліктер Алексей Петушковтың арқасында таразы басын теңестірді. Ал есеңгіреп қалған елордалықтар көптеген қателіктерге бой алдырды. Бір сәтте мұз айдынына алты бірдей ойыншы шығып кетіп, тәртіп бұзды. Қырағы төрешілер бір хоккейшісін екі минутқа демалуға жіберді. Сан басымдықты ұтымды пайдаланған Евгений Чемерилов петропавлдықтарды алға шығарды. Ал кездесу соңында «Құлагер» командасы төртінші гол соғып жеңіс тойын тойлады. Есеп 4-2.

Иван Иванов – «Құлагер» ХК шабуылшысы:

– Қарсылас команда мықты болып шықты. Жас ойыншылардан жасақталған құрама. Күштік әдістерді көп қолданады. Өзіміз көп қателіктерге бой алдырып, голдарды жіберіп алдық. Бірақ матч тағдырын үшінші период шешті. Жинақталып жеңіске жеттік.

Бұл жеңістен кейін жерлестеріміз 28 ұпаймен 7-ші орынға нық жайғасты. Ал «Құлагер» командасының үйдегі келесі ойындары қарашаның 23-і мен 24-і күндері рудныйлық «Горняк»-қа қарсы өтеді.

 

Риат Шони