МТРА жаңалықтары

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес отырысы өтті

Светлана Зайцева – СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро департаментінің инспекторы:

– Сыбайлас жемқорлық фактілерінің 23-і -пара алу, 13-і қызметін асыра пайдалану, 17-сі – жалған құжат жасау, тағы 8-і алаяқтық бойынша тіркеліп отыр. Жемқорлық қылмыстарының 9-ы басшыларға қатысты болды.

Сондай-ақ, “бармақ басты, көз қыстылыққа” жол берген 92 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 11 азамат жұмыстан босатылса, 12-сі қатаң сөгіс алыпты. Осы ретте қоғамдық кеңес мүшелері аталған саладағы жағдайды бақылауда ұстап, алдын алу жұмыстарына баса мән беру керек деді.

Жиында қарастырылған келесі мәселе, ол балғындарды балабақшамен қамту жайы. Бүгіндері облыс бойынша 1-ден 6 жасқа дейінгі 13 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Солардың 11 мыңнан астамы – петропавлдық бүлдіршіндер.

Күлпаш Қалғожина – СҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Ал 3-тен 6 жас аралығы бойынша өңірде балабақша кезегінде 3441 балғын тұр. Петропавл қаласында да бұл көрсеткіш 3 мыңнан асып жығылады. Мәселені шешу үшін алдағы 3 жылға бізде жоспар құрылған. Соған сәйкес 2017-2019 жылдар аралығында 4 балабақша құрылысы жүргізілмек. Олардың 3-уі Петропавлда, тағы бірі Новоишимское селосында орын теппек.

Сөйтіп, 2019 жылға қарай 3-тен 6 жасқа дейінгі балғындарды балабақшамен қамту мәселесі түбегейлі шешілмек.


Магжан Ахмадина