МТРА жаңалықтары

ҰҚК Шекара қызметінің Петропавл шекара жасағына 15 жыл

Содан бері қазақстандық сақшылар ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті екендіктерін дәлелдеп келеді. Ведомства қызметкерлерін айтулы мерекемен облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің бесігіне айналды. Сіздердің кәсібиліктеріңіздің арқасында еліміздің шебі бүтін, шекарасы берік. ҰҚ шекара қызметінің 2032 әскери бөлімі 15 жылда ел тыныштығын қадағалап, қорғай білді. Шекарашыларға жүктелген міндет өте зор. Абыройлы міндетті атқару Отан тыныштығы қамында аянбай қызмет ету әр сарбаздың қасиетті парызы.

Кездесуде бірқатар шекарашылардың еңбегі еленді.

Бұл күні Шынар Баймурзина да шекара шебіндегі мінсіз қызметі үшін марапатқа ие болды. Нәзікжанды әскери қызметке осыдан 8 жыл бұрын келген. Қазір ол «Мамлютка» (теміржолдық) шекара бақылау бөлімшесінің тергеушісі болып қызмет етеді.

Шынар Баймурзина – «Мамлютка» (теміржолдық) шекара бақылау бөлімшесінің тергеушісі:

– Жұмысым қиын, әрине, бірақ қызметім өзіме ұнайды. Шекарашылардан жауапкершілік талап етіледі. Өйткені, біз күн сайын шекараны заңсыз өткен адамдармен жұмыс жасаймыз. Кей кездері адамдарды поездан да түсіруге тура келеді. Өз басым кеше ғана көші-қон карточкасын жоғалтып, оны уақытылы рәсімдемеген бір ер адамды тоқтатып, станциядан түсірдім. Енді оған айыппұл немесе Қазақстаннан 5 жылға деппортациялау шарасы қолданылмақ.

Теріскейдегі 2032 әскери бөліміне 1200 шақырымнан астам аумақты бақылау сеніп тапсырылған. Бүгінде олар Ресейдің Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен шектесетін аймақтың тыныштығын берік қорғап келеді. Мәселен, жыл басынан аталған әскери бөлім қызметкерлері шекараны заңсыз бұзған 36 азаматты ұстапты.

Нұртай Танкаев – ҚР ҰҚК Шекара қызметі №2032 әскери бөлімінің командирі:

– Жыл басынан 9 есірткі фактісі анықталды. 40-тан астам қару-жарақ тәркіленді. Құрылған күннен бастап осы күнге дейін 17 мыңнан астам шекарабұзушылар анықталды. 1500-ден астам экономикалық-контрабандалық фактілері тіркелді. Біз ел шекарасын қорғауға әрқашанда дайынбыз.

Айту керек, соңғы жылдары шекара шебінде қызмет етемін деушілер саны артып келеді. Әсіресе, нәзікжандылар көп екен. Ағымдағы жылы теріскейдегі 2032 әскери бөліміне 20 жас әскери қызметкер қабылданған. Жыл соңына дейін бұл қатар тағыда 20 адаммен толығады деп жоспарланған.

 

Айгерим Ержанова