Балалар

Петропавлда жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып экскурсия ұйымдастырылды

Азамат Сәрсенов – облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы:

– Жұма намаздары, айт намаздары бар. Осы жерде жұма намазы оқылады. Ал мына жақ құбыла деп аталады. Яғни, Мекке орналасқан жақ. Осы бетке қарап, намаз оқылады. Алдыңғы жағы михраб деп аталады. Ол жерде имам тұрады.

Бұдан бөлек, балаларға мешіттегі сыныптар мен Ислам дініндегі басты қасиетті кітап «Құран Кәрім» көрсетілді. Сонымен қатар, наиб имам оқушыларды араб жазбасымен таныстырды.

Мешіттің бой көтергеніне биыл 11 жыл толыпты. Бірақ, ғимарат алғашқы көрікті келбетін жоғалтпаған. Алланың жердегі үйіне келгендердің дені әлі де аспалы шамға қызуғуын қояр емес. Бірақ, ең алдымен оқушылар бұл жерде бойға тыныштық сезімі ұялайтынын байқаған.

Николай Ткаченко – облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-инернатының тәрбиеленушісі:

– Бұл менің мешітке алғаш келуім. Маған бұл жер өте ұнады. Өйткені, мен мұнда жан тыныштығын таптым. Мені толғандырған мәселелерді ұмытып, тынышталдым. Рухани демалдым. Мұсылмандар туралы біраз қызықты ақпарат алдым.

Бұдан соң, оқушылар облыс орталығындағы “Вознесение Господня” шіркеуіне бет алды. Бұл жерде оларды Иерей Роман Пудов қарсы алып, ғибадатхананың құрылысымен жақынырақ таныстырды. Бірақ, балалардың көзі мына әулиелер суреті бар қабырғаға түсті.

Иерей Роман Пудов – “Вознесение Господня” кафедралды соборының кілтшісі:

– Бұл қабырғаны бір кәсіпкер жігіт ағаштан өзі жасады. 5 деңгейлі қабырға. Оның әрқайсысында әулие адамдардың суреттері бейнеленген. Бүгінде бұл біздің собордың көрікті әрі құнды әшекейі саналады.

Айту керек, мүмкіндігі шектеулі, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мұндай экскурсияны «ДЕМЕУ» балалық шақ мәселелерін үйлестіру орталығы ұйымдастыруда.

 

Айгерим Ержанова