МТРА жаңалықтары

СҚО судьяларға арналған екі күндік семинар өтті

Ен Карстен – халықаралық сарапшы, Ұлыбритания:

– Бұл жобаны Еуропалық Одақ қаржыландырып отыр. Өз басым 30 жыл адвокат, 15 жыл судья болып қызмет еттім. Мен әлсіз куәгерлермен жұмыс жасауды білемін. Оның ішінде кішкентай балалар мен ақыл-есінің кемістігі бар адамдар да бар. Олармен тергеу жүргізудің бірнеше әдісі бар. Сондықтан, екі елдің бұл істі қалай жүргізетіндігін салыстыру үшін келдік.

Британдық халықаралық сарапшы Ен Карстен мен полиция қызметкері Девид Катер солтүстікқазақстандық судьяларға «Айғақтарды сақтауға қою» институты туралы айтуда. Аталмыш институт еліміздің Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өткен жылдың басында енгізілді. Бұл жаңашылдық судьялардың сотқа дейінгі тергеу ісіне қатысуына мүмкіндік береді.

Нұрмахан Ілиясов – Петропавл қалалық сотының тергеуші судьясы:

– Қалалық сотқа келгеніме 4 ай болды. Бұл уақыт аралығында «Айғақтарды сақтауға қою» бойынша 11 іс қаралды.

Мұндай институт Ұлыбритания елінде бұрыннан құрылған. Сол себепті, шетелдіктердің қазақстандықтармен тәжірибе бөлісуі өте маңызды. Дегенмен, шара барысында екі елдің заңнамаларында біраз айырмашылықтар бар екендігі анықталды.

Раиса Юрченко – ҚР Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы, Астана қаласы:

– Біздің еліміздің заңнамасы тергеуге қатысып жатқан тұлғаларға құқықтық кепіл мен бостандық береді. Мәселен, белгілі бір іске қатысы бар кез келген ұлттың азаматы тергеу тілін таңдауға құқылы. Егер ол француз болса, тергеу азаматтың өз тілінде өтеді. Яғни, біз тергеуді аудармашы арқылы жүргіземіз. Ал Ұлыбританияда бұл процесс тек ағылшын тілінде атқарылады.

Айту керек, мұндай семинар бұған дейін еліміздің Қостанай қаласы мен Батыс өңірінде өткізілген. Енді шетелдіктер Солтүстік Қазақстаннан Қарағанды қаласына жол тартпақ.

 

Айгерим Ержанова