Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Киров атындағы зауыт” АҚ Елбасының “Алтын сапа” сыйлығын иеленуге үмітті

Нақтырақ айтсақ, мұнай-газ өндіру, қорғаныс, азаматтық өнімдер және темір жол саласына қажетті жабдықтарды шығарады. Ержан Тоғымбаев зауытта 6 жыл бойы еңбектеніп келеді. Фрезер білдегінің операторы жаңа станокта түрлі дейгейдегі темірлерді кесіп, өндіріске қажетті бұйымдарды әзірлейді. Айтуынша, тың қондырғымен жұмыс жасау әлдеқайда жеңіл.

Ержан Тоғымбаев – “Киров атындағы зауыт” АҚ фрезер станогының операторы:

– Бұл станоктардың дәлдігі өте жоғары. Мүмкіндіктері мол. Бұнда металл, алюминий, пластмасса сынды бұйымдармен жұмыс істеуге болады. Мен тек компьютерге бағдарламаны енгіземін, ал қалғаны автоматты түрде өзі жасалады.

Зауыттағылар жаңғырту бағдарламаларын үнемі жүргізіп тұрады. Цехтарына жаңа станоктар орнатып, еңбеккерлердің жұмысын жеңілдетуде. Мәселен мына лазерлі білдекті кәсіпорын басшылығы 2 жыл бұрын сатып алыпты. Мұның көмегімен кезінде 1 апталап кесетін бұйымды, 1 минуттың ішінде тиісті қалыпқа келтіруге болады.

Мына тайландық станоктың да қауқары мықты. Бұның көмегімен қатты металдарды оңайлықпен майыстыруға болады. Қалыңдығы 10-15 мм-ге дейін жететіндерді қиын көрмейді.
Жуырда зауыттағылар жаңа өндіріс желісін іске қоспақ. Ол дәлдігі 5-ші классқа дейінгі мөрлік тақтаны шығару. Бұндай өндіріс түрі елімізде әзірге жоқ екен. Бұған дейін кәсіпорындағылар электронды девайсқа қажетті бұйымды өзге елдерден алдыртыпты.

Анна Зарецкая – “Киров атындағы зауыт” АҚ инженер-технологы:

– Бұрындары біз дәлдігі тек 3-ші классқа дейін жететін мөрлік тақтаны ғана шығаратынбыз. Қазір Швейцария, Италия және Қытай елдерінің қондырғыларын сатып алдық. Енді солардың көмегімен күрделі тақталарды өзімізде де жасай аламыз. Бұл -өндірістің жаңа деңгейі. Қазіргі уақытта біз өз мамандарымызды тың қондырғыларда жұмыс істеуге үйретіп жатырмыз.

Өңіріміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі биыл Елбасының “Алтын сапа” сыйлығын иелену үшін байқауда бақтарын сынамақ. Айта кету қажет, “Киров атындағы зауыт” АҚ аталмыш сынға 2008-ші жылдан бері қатысып келеді. Ал 2012-де кәсіпорын “Парыз” байқауында екінші дәрежелі дипломның иегері атанған.

Төремұрат Шанбаев – “Киров атындағы зауыт” АҚ маркетинг және өткізу департаментінің директоры:

– Біздің зауытымызға ұқсас өзге кәсіпорындармен бәсекелестікте болу үшін “Алтын сапа” байқауына қатысуға ниет білдіріп отырмыз. Біз мұнда “Өндірістік бағыттағы ең үздік кәсіпорын” номинациясы бойынша бақ сынаймыз. Жалпы зауыт шығаратын өнімдер тек ел аумағында емес, сонымен қатар шет елдерге де тасымалданады. Мәселен, біз жасаған бөлшек-бұйымдар дайын өнім ретінде Иран, Ресей, Әзірбайжан сынды мемлекеттерге экспортталады.

“Киров атындағы зауыт” АҚ 10 айдың ішінде 5 млрд теңгенің өнімін шығарған. Ал биылғы жылдың тапсырысы 6,5 млрд теңгені құрайды.

 

Риат Шони