МТРА жаңалықтары

Көктайғақтың салдарынан жарақат алушылардың саны едәуір артқан

Валерий Грибашов – 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі:

– Қараша айының басында жарақат пунктіне келушілер саны айтарлықтай артты. Жаз мезгілінде күніне 45 адамды қабылдасақ, қараша айынан бастап келушілердің саны 60-тан асып жығылды. Көбі көктайғақтың салдарынан тобығын сындырып, тізеден төменгі буындардын үзіп алған. Екі адамның жамбас сүйегі сынды.

Қазанның ортасынан бастап қала көшелеріне инертті материалдар төселе бастады. Осы жылдың соңына дейін бұл мақсатқа облыс қазынасынан 60 млн теңге бөлінген.

Ғали Абдрашев – Петропавл қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімі секторының инспекторы:

– Жолдарға инертті материалдарды себубен 4 кәсіпорын айналысады. Олар жұмыстарына қазанның 19-ынан бастап кірісті. Инертті материалдарды түнгі сағат 4-тен бастап себеді. Биыл барлығы қала көшелеріне деп 3,5 мың текше тұз араласқан құм қоспасы әзірленді. Бүгінде соның 600 текшесі жұмсалды.

Осы орайда тұрғындар интертті материалдар тротуарлар мен адамдар көп жүретін жолдарға төселсе деген өтініштерін білдіруде.

– Автобус аялдамаларының жаны мұз. Адамдар автобустан түскенде құлап, бір жерін жарақаттап алуы мүмкін. Сондықтан аялдамалардың маңайына инертті материал көбірек төселген дұрыс деп санаймын.

Атасы:

– Тротуарларға кейде құм себіледі, кейде себілмейді. Адамдар көп жүретін жолдарға инертті материалдар молырақ себілсе деген өтінішім бар.

Жол қателікті кешірмейді. Қазан айында облыс аумағында 18 жол көлік апаты тіркелген. Көп жағдайда жүргізушілер көліктің доңғалақтарын қысқыға ауыстырмаған. Соның салдарынан қазан айында өңірде қайғылы оқиға орын алып, жол апатынан екі адам көз жұмды.

Жанат Сұлтанов – СҚО ІІД ЖПҚ жол-патрулдік полициясы батальоны командирінің міндетін атқарушы:

– Қазанның 25-і Форд көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне өтіп кетіп “Камаз” -бен соқтығысқан. Салдарынан Форд жүргізушісі мен ондағы жолаушы сол жерде мерт болды.

Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметінің өкілдері техникалық қызмет көрсету станцияларында темір тұлпардың тежегіш жүйесін тексертіп алуға кеңес береді.

Берік Қасен