Спорт

13 солтүстікқазақстандық гір көтеру спортынан әлемдік чемпионаттан жүлделі оралды

Дмитрий Акимин – гір көтеру спортынан ҚР спорт шебері:

– Қос сайыста гірді – 116, ал жұлқа көтеруде 189 рет көтердім. Осылайша, мен қарсыластарымнан 50 ұпайға алға шығып, жеңіске жеттім.

Александр Марчук гір көтерумен 7 жылдан бері әуестеніп келеді. Осы уақыт аралығында 3 рет әлем чемпионы атанған. Ал, бұл жолғы жарыста 90 келі салмақта өнер көрсетіп, 3-ші орынға ие болды.

Александр Марчук – гір көтеру спортынан ҚР спорт шебері:

– Менің салмақ дәрежем бойынша 6 адам қатысты. Ең басты қарсыласымтарым ресейлік және украиналық спортшылар болды. Гірді екі қолмен жұлқа көтеруде – 103, ал әр қолмен бөлек-бөлек серпе көтеруде 50-ге жеткіздім.

Ақтөбе қаласында гір көтеру спортынан өткен чемпионатқа әлемнің 38 мемлекетінен 400-ден астам спортшы жиналған. Жалпы командалық есепте Ресей бірінші, Қазақстан екінші, ал Украина 3-ші орыннан көрінді.

Андрей Глывяк – гір көтеру спортынан СҚО бойынша бас жаттықтырушы:

– Біздің спортшылар 6 жылдан бері еліміз бойынша алдыңғы орындарда көрініп жүр. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандық гір көтерушілерді шет елдерде де жақсы таниды. Өйткені, олар – көптеген әлемдік чемпионаттардың жеңімпаздары.

Бүгінде спортшылар бағындырған жетістіктерін одан әрі арттыру мақсатында кезекті жаттығу үстінде. Олар енді желтоқсан айында өтетін Қазақстан чемпионатына қатыспақ.

Тогжан Акмагамбетова