МТРА жаңалықтары

Биыл 10 айдың ішінде СҚО-да тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетудің 20 фактісі тіркелген

Алина Орлова – “Әйелдерді қорғау орталығы” ҚБ төрайымы:

– Күйеулерінен 15 жыл қатарынан зәбір көріп, біздің ұйымға қоңырау шалып, көмек сұрап жүрген келіншектер қаншам? Көбі жұбайымен айырылысқысы келмейді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге әлеуметтік қызмет көрсету жөнінде тиісті Министрлікке ұсыныс жасадық. Ол құжат мақұлданса, жәбір көрген нәзікжандыларға педогагикалық, психологиялық, заңгерлік сынды 8 түрлі әлеуметтік қызмет түрі көрсетілуі мүмкін.

Бұдан бөлек 2017 жылы еліміздің жекелеген аймақтарында күйеуінен жәбір көрген әйелдерге арналған уақытша паналау орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде Петропавл қаласында қауырт желі жұмыс істейді. Жұбайынан қорлық көрген келіншектер 52 98 86 телефон нөмірі бойынша заңгерлер мен психологтардан кеңес ала алады.

Алина Орлова – “Әйелдерді қорғау орталығы” ҚБ төрайымы:

– Жыл сайын мыңнан астам әйел телефон арқылы шағымдарын айтады. Әсіресе, күз және көктем айларында қоңырау шалатындар көп. Соңғы жылдары балалары ата-аналарын үйден қуып шығатын фактілер жиілеп келеді. Сондай-ақ, баласын түннің ортасында далаға қуып шыққан тас бауыр аналар да бар.

“Әйелдерді қорғау орталығы” ҚБ қарашаның 25-і өңірімізде “Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн” акциясын өткізбекші. Сондай-ақ биыл әйеліне қол көтерген 28 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ІІД-не келіншектерден 180 анонимді өтініш түскен.

Сайран Саркенов – СҚО ІІД ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы:

– ІІД-не көбінесе тұрмыс жағдайы нашар, бұрындары сотталған, наркологиялық диспансерде есепте тұрған күйеуі бар келіншектерден арыз түседі. Кейбір кезде учаскелік инспекторлар сондай отбасылармен толыққанды жұмыс жүргізбейді. Салдарынан жанұяларда қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Мысалы, Қызылжар ауданында бір адам қызғаныш сезіміне беріліп, әйелін атып тастаған.

Биыл 10 айдың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетудің 20 фактісі тіркелген. Соның 6-уы әйелдерге қатысты қылмыстық іс.

Берік Қасен