МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық 5 жас суретші республикалық байқауда жеңімпаз атанды

Болашақта 12 жасар ару Әбілхан Қастеев сияқты танымал суретші болуды армандайды. Мақсатына жету үшін Айнұр түрлі байқауларға қатысып тұрады екен. Биыл ол Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған республикалық конкурста жүлдегер атанды.

Айнұр Матина – «ЮНЕСКО клубы» көркемөнер лицейінің тәрбиеленушісі:

– Мен 25-31 қазан аралығында Алматы қаласындағы республикалық байқауға қатыстым. Ол жақта бізге «Балалар әлемді бейнелейді» деген жеңімпаздар кітабын сыйлады. Жинаққа менің «Менің отбасым» деген туындым енгізіліпті. Қатысқаныма қуаныштымын.

Байқауға солтүстіктен 84 қылқалам шеберінің жұмысы жіберіліпті. Бірақ, финалға тек 5 адамның жұмысы ғана өткен. Жеңімпаздар қатарына іліккендер Алматы қаласында бір аптаға жуық демалып қайтты. Сонымен қатар, оларға Ресей, Корея, Испания елдерінің қылқалам шеберлері сурет салудың жаңа техникасын үйретіпті.

Елена Царева – «ЮНЕСКО клубы» көркемөнер лицейі директорының орынбасары:


–  Бір күні барлығы тауға шығып, табиғатты бейнеледі. Біздің ұл-қыздар тауды кескіндеп сала бастап еді Шымкенттен келген оқытушы қолына су алып, суретке шашып жіберді. Балалар әрине, шошып, картиналарын жарамсыз болып қалды деп уайымға салынды. Сөйсе, бұл сурет салудың бір әдісі екен. Дәл осылай Оңтүстік Қазақстаннан келген суретші конкурс жеңімпаздарына алыста орналасқан тауды ашық, ал жақын маңдағы үйдің қанық түспен боялу керектігін үйретті.

Камила Құсайынова аталмыш байқауға қалыптау техникасымен жасалған туындысын жіберіпті. Ол фольга мен желім, картон қағаз бен түрлі-түсті бояуды қолданып, қазақтың ұлттық бұйымдарын суреттеген.

Камила Құсайынова – Өнер колледжі — музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы:

– Ұлттық әшекей бұйымдары ұнайды. Сол себепті, республикалық жарысқа мен қалыптау стиліндегі бірнеше еңбегімді жібердім. Оның әрқайсысына 1 аптаға жуық уақыт кетті. Финалистер қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Сонымен қатар, біз әйгілі суретші Пикассо стилінде де жұмыс жасадық. Бұл мен үшін бір жаңа бағыт болды.

Айту керек, жеңімпаздар жинағына барлығы 700-ден астам суретшінің жұмысы енгізіліпті.

 

Айгерим Ержанова