Спорт

Облыс әкімі «Қызыл – Жар СК» ФК аяқ доп шеберлерімен кездесті

Олар ел біріншілігінде 10 құраманың арасында өткен қызу бәсекеде 3-ші орынға тұрақтады. Соншама жылдан кейін қола жүлдегер атану жаман нәтиже емес. Десе де, команда президенті алда бұдан да үлкен асуларды бағындырамыз деп отыр.

Григорий Лория – «Қызыл – Жар СК» ФК президенті:


–  Осы маусымда біз жақсы ойнап, бұдан да үздік нәтиже көрсетуге тырыстық. Бірақ, жолымыз болмады. Десе де, қола жүлде де жаман емес. Қателіктер болады. Алдағы уақытта оларды түзетіп, бұдан да зор жетістікке жетуге ұмтылатын боламыз. Әрине, кей футболшылар енді құрамада өнер көрсете алмайды. Десе де, қаңтарға дейін команданы жасақтап, дайындық жұмыстарын бастаймыз.

Бүгін көрсетіліп жатқан барлық қошемет футболшыларымызға арналған. Міне, театр алаңына «Қызыл – Жар СК» құрамасы мінген автобус келіп тоқтады. Оларды нақ жұлдыздарша жанкүйерлері қарсы алуда. Кейін аяқдоп шеберлері толығымен залға өтіп, сахнадан орын алды. Оларды маусымның аяқталуы және қола жүлдемен облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Өңіріміздің ФК өткен маусымды қола медальмен аяқтап, жанкүйерлер қауымын қуантып отыр. Алдағы кезеңде бұдан да жақсы ойындар көрсетіп, жоғарғы лигаға шығу үшін бар күшін саларына сенемін. Бұл жетістік солтүстікқазақстандық спортшылардың кәсібилігі мен жеңіске деген зор ерік-жігерін көрсетеді. Біз құрамының жетістіктерін мақтана ете отыра үлкен жетістіктер күтеміз.

Кейін спортшылардың мойнына облыс әкімі қола алқаны тақты. Клубтың жаттықтырушылары да осындай марапатқа ие болды. Құр қол келмеген футболшылдарымыз облыс әкіміне де нақ осындай жүлдені сыйға тартты. Бұл күні аяқдоп шеберлерін спорт саласының ардагерлері, жалпы өңір дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар құттықтады. Ал аймағымыздың хоккейшілері болса, өз әріптестеріне сыйлық жасады. Жерлестеріміздің жеткен жетістіктері – жас спортшылар үшін үлгі. Мұны футболға енді ден қойған балғындар айтуда.

Сахнаға шығып сөз алғандардың қатарында футболшыларымыз да болды. Олар өздеріне қолдау көрсеткен барша солтүстікқазақстандықтарға алғыс білдірді.

Евгений Аверченко – «Қызыл- Жар СК» ФК капитаны:


–  Осы маусымда біз жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Кей ойындарда Премьер лигада жүрген құрамалардан кем түскен жоқпыз. Барлық ойындарымызда біздің жанкүйерлер жақсы қолдады. Сондықтан, әрдайым олардың сенімін ақтауға тырыстық.

Осы маусымда Аслан Жанұзақов ең үздік жартылай қорғаушы атанды.

Аслан Жанұзақов – «Қызыл- Жар СК» ФК жартылай қорғаушысы:

 


–  Маусым басында мен бірден жарақат алдым. Кейін бір айдай ем қабылдап, тағы алаңға шықтым. Бірақ, жарақатым сыр берді. Десе де, өз міндетімді жақсы орындадым деп есептеймін. Сол еңбегім зая кетпеді. Үздік жартылай қорғаушы атанып отырмын.

Әдетте футбол алаңында теңбіл допты қуалап стадионға жанкүйер жинайтын спортшыларымыз бүгін өздері көрермен ретінде мәдениет саласының қызметкерлері ұйымдастырған концертті тамашалауда.

Жалпы өңірде спорт саласының дамуы жақсы қарқын алған. Соңғы екі жылда өңірде 264 футбол және шағын футбол алаңдары құрылды. Алдағы уақытта «Қарасай» және «Жастар» стадиондарында жөндеу жұмыстары жасалмақ.

Мағжан Ахмадина