МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Қызылжар аруы – 2016” сұлулық байқауы өтті

–  «Қыз өссе елдің көркі». Бүгін Петропавлда «Қызылжар аруы» деген атпен алғаш рет сұлулық байқауы өтуде. Мұнда, ақылы мен парасаты, көркі мен сымбаты жарасқан 14 сылқым бақ сынаспақ. Дәл қазір олар сахна төріне өз өнерлерін көрсетуде.

Қаланың аруы атану үшін үміткерлер сахнада бар өнерін паш ету керек. Көріктілігі бір бөлек, өздерін таныстырулары, сахнада өзін ұстау мәдениеті мен киген сәнді көйлектері де бағаланады. Сондай-ақ, сұлу қыздар ән айту мен би билеуден де сынға түсті.

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің 3-ші курс студенті Ақжар Хасенова мұндай ауқымды байқауға бірінші рет қатысып отыр екен. Бұған дейін мектеп қабырғасында ғана сұлулық байқауына қатысқан нәзікжанды қобалжуын жасырмады. Дегенмен, сұлулығы мен сымбатына сенімді бойжеткен бүгін басты сыйлық тәжді иемденгісі келетінін айтты.

Ақжар Хасенова – байқауға қатысушы:

– Қатты толқып тұрмын. Үлкен бақталастықта жеңіп шығамын деген ойдамын. Қолдау танытып келіп отырған жақындарыма алғысым шексіз.

Қаламызда алғаш рет колледж студенттерінің арасында өткізіліп отырған “Қызылжар аруы” байқауына қатысуға көптеген сұлулар ниет танытыпты. Олардың арасында арнайы кастинг жүргізіліп, іріктеу кезеңі де өткізілген. Аталмыш байқаудың шешуші кезеңіне барлық талаптарға сай ару ғана өте алған.

Тимур Жұманов – СҚО жастар бастамалары орталығының директоры:

 

– Кастингке колледж студенттері арасынан 40-қа тарта қыз қатысып, оның 14-і іріктеуден өтті. Сыртқы келбеті ғана емес, отбасылық құндылықтарды бірінші орынға қоятын жаны сұлу қыздар қатысатындықтан бұл байқау зор әлеуметтік маңызға ие.

Қызыққа толы шоу екі сағаттан астам уақытқа созылды. Әділ қазылар «Қызылжар аруы-2016» сұлулық байқауының тәжін тағуға Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті Зарина Нагуманованы лайық деп тапты.

Байқау қатысушыларының барлығы көптеген демеушілер тарапынан сыйлықтармен марапатталды, ал жеңімпазға 100 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Айсулу Сергали