МТРА жаңалықтары

Елімізде жеңіл өнеркәсіпке де мемлекеттен қолдау бар

Светлана Удилова – “Белоконенко” ЖК бас тігіншісі:


– Маталар Қытай мен Ресейден әкелінеді. Онымен қоймай, киімдердің бәрін алыс-жақын шетелдерден тасып жүрміз. Импортталған тауар сапасы жағынан өзімізде тігілетін киімнен жақсы деп айтпас едім. Мысалы, Қытайдың киімі арзан, соған сәйкес тозуы да тез. Одан да отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бәріміз атсалысуға тиістіміз. Ел азаматтары жергілікті өнімді қолдаса деймін.

Аумағы небәрі 70 шаршы метрді құрайтын аядай цехта қазір 11 адам еңбектенуде. Орташа айлық жалақылары 60 мың теңгенің маңайында. Тігіншілер “Основание” және “РОКА” компанияларының тапсырысын орындап жатыр. Жұмыс жүктемесі 80 пайызға жеткен.

Светлана Удилова – “Белоконенко” ЖК бас тігіншісі:


– Қысқы жұмыс киімдерін тігудеміз. Матасы жақсы жуылады. Оның астарына жел өткізбейтін материал саламыз. Жеңіл болғанымен жылы. Киіп жүруге ыңғайлы, адам мұнымен терлемейді. Арнайы технологиямен тігілген.

Цехтың жетекшісі Александр Белоконенко бұл ісін 2012 жылдан бері дөңгелетіп отыр. Көбінесе мемлекеттік тапсырыстарды орындап келген. Былтырдан бастап тендерді ұтқандарға алдын ала төлем жасалмайтын болыпты. Ал оған шикізат сатып алу үшін қаражат қажет болған. Сондықтан, іскер азамат “Даму” қорына жүгініп, мемлекеттен жеңілдетілген несие алуды жөн санапты.

Александр Белоконенко – жеке кәсіпкер, Петропавл қаласы:


– Биыл жылдық 12 пайыз мөлшерлемесімен 2,5 млн теңге несие алдым. Жылдық ставканың жартысы – 6 пайызы субсидияланады. Бұл – мен үшін үлкен жеңілдік. Қазір цехта 11 адам жұмыс істейді. Олардың қатары жақында 5 білікті маманмен толығады. Құрылыс компаниясы мен күзет ұйымдарының тапсырысын қарашаның 20-сына дейін орындау қажет.

Биылдан бастап “Белоконенко” ЖК мектеп формаларын тігуді бастады. Бүгінде Жамбыл ауданындағы 14 мектептің оқушылары осы цехта тігілген киімдерді киіп жүр.

Берік Қасен