Спорт

Ауыр атлетикадан облыстық чемпионат өтті

10 жастағы Алмас Өміртай үшін бұл осындай деңгейдегі алғашқы сайыс. Десе де, серпе көтеруде атлет жаттығуларын сәтті орындады. Кезек жұлқа көтеруде. Мұнда да спортшы алғашқы мүмкіндігін мүлт жібермеді.

Алмас Өміртай – жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

– 22 келіні көтердім. Ауыр болған жоқ. Бұл менің бірінші жарысым. Маған жеңіс керек.

Біреулері ортаға шығып, бақтарын сынап жатқанда, кей спортшылар өз кезегін күтіп, дайындықтарын пысықтауда. Айта кету керек, жарысқа нәзік жандылар да қатысуда. Солардың бірі – Диана Мұсайбекова. Қазір ол жаттығу жұмыстарын жүргізуде.

Диана Мұсайбекова- жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Қазір мен көптеген жаттығулар істеп, бірінші орын аламын. Мен 3 жыл ауыр атлетикамен айналысамын. Өткен жылы 3-ші орын алдым. Қазірдің өзінде желтосқанда Қызылордада өтетін ел чемпионатына дайындалып жатырмын.

Облыстық чемпионатқа 80-ге жуық балғын қатысуда. Олардың көбі болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар.

Ерік Әлібаев- жарыстың бас төрешісі, ауыр атлетикадан облыстың бас жаттықтырушысы

– Бізде атлетшілердің жас, жаңа толқыны өсіп келеді. Осындай жарыстарда біз олардың қарымын байқап, іріктеп аламыз. Алдағы уақытта елді-мекендерде өтетін жарыстардың санын арттыру ойымызда бар. Өйткені шын мықтылар осындай жарыстарда танылып, кейін ел байрағын әлемдік додаларда желбіретеді.

Жалпы бүгіндері ауыр атлетикамен облысымызда 100-ге жуық адам айналысады.

Магжан Ахмадина