Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында баспаналар құрылысы қарқынды жүргізілуде

Николай Павлов – «Основание» ЖШС тас қалаушысы:


–  Қазір біздер үйдің қабырғасын қалап, бөлмеаралық бөліністерді жасап жатырмыз. Бұл жұмыстармен 3 бригада айналысуда. Бұдан бөлек, терезелер орнатылып, электр желілері тартылуда. Кейін жылу жіберу ойда бар. Өйткені, тағы бірнеше бригада ішкі әрлеуді бастайды. Құрылыс материалдары уақытылы жеткізілуде, сондықтан қиындықтар жоқ.

9 қабатты баспананың іргетасы ағымдағы жылдың жазында құйылған. 126 пәтерлі үй ендігі жылдың алғашқы жарты жылдығында қолданысқа берілмек. Әлі шаруа шаш етектен. Десе де, мұндағылар жоспарға сай жұмыс істеуде.

Сергей Тимофеев – «Основание» ЖШС директоры:

 


–  Құрылыс материалдарының көбі жергілікті өнім. Айталық фундамент блоктарын өзіміз жасаймыз, тағы пластик терезелер мен есіктерді де дайындаймыз. Әзірге, кірпіштерді ғана Павлодар, Ақмола облыстарынан аламыз. Бұл үй «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы берілетін болады.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан үйдің құрылысына 800 млн теңгеден астам қаржы бағытталған. Бүгіндері соның 200 млн теңгеден астамы игеріліпті. Жалпы кәсіпорын бұдан бөлек тағы 2 75 пәтерлі баспананың құрылысын жүргізіп жатыр.

Магжан Ахмадина