Спорт

Петропавлда қазақ күресінен “Жас барыс-2016” облыстық турнирі өтті

Бауыржан Құлжанов – Облыстық күрес федерациясының құрметті президенті:


– Бұл жарысқа 100-ден аса жас палуан қатысуда. Өңірімізде қазақ күресінің дамығандығы байқалады.

Алғашқы болып боз кілемге 46 салмақ дәрежесіндегі Айыртау ауданының спортшысы Амандық Зейнуллин мен ұлттық спорт мектебінің тәрбиеленушісі Даниил Волков шықты. Бұл белдесу көпке ұзамады. Өз қарсыласының қыр-сырын бірден зерттеп үлгерген Амандық Зейнуллин арыстанша атылған Даниил Волковты жамбасқа салып, қос жауырынын жер иіскетті. Осылайша, жас өрен таза жеңіске қол жеткізді.

Амандық Зейнуллин – жарысқа қатысушы, Айыртау ауданы:


– Қарсыласым мықты болды. Ол өзі алға ұмтыла бергенде әдіс жасап жеңіске жеттім.

Бүгінгі қазақ күресінен ұйымдастырылған “Жас барыс – 2016” облыстық турнирін тамашалауға грек-рим күресінен 80-ші жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіров те келді. Жас өрендердің қарқынын байқаған мейман өңіріміздегі спорттың дамуына жоғары бағасын беріп, мына палуандардан болашақ Олимпиада чемпионы шығуы әбден мүмкін деді.

Жақсылық Үшкемпіров – грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Жас палуандармен танысып жатқаныма қуаныштымын. Олардың араларынан Олимпиада чемпиондары шығарына сенімдімін. Оларға сәттілік тілеймін.

“Жас барыс – 2016” облыстық турнирінің қорытындысы бойынша 1999-2000 және 2001-2002 жылғы палуандар арасында ұлттық спорт мектебінің тәрбиеленушілері жалпы құрамалық есепте жеңіске жетті. Енді, әр салмақ бойынша чемпион атанған өрендер өңір намысын қараша айында Қостанай қаласында өз жалауын желбірететін республикалық жарыста қорғайтын болады.

Байболат Құлтанов