Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-на жұмыс сапарымен Алматы облысынан делегация келді

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Алматы облысына Солтүстік Қазақстаннан 800 млн теңгенің кондитерлік тағамдар сатылған. Сонымен қатар, біздің аймақтан нан-тоқаш, макарон өнімдері мен телевизилық және радиоэфирлік құрылғылар жеткізілді. Оның жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрап отыр.

Жетісулықтар солтүстікқазақстандықтармен ең алдымен ауыл шаруашылығы саласында әріптестік қатынас орнатпақ. Оның ішінде бидай саудасы да бар. Жалпы жыл басынан Алматы облысына өңірімізден 7 мың 600 тонна бидай мен бұршақ жеткізіліпті.
Делегация құрамында келген «АзияАгроФуд» АҚ өкілдері де аталған өнім түріне қызығушылық танытуда. Бұл кәсіпорын күніне 12 мың тонна бидайдан 480 тонна көлемінде ұн шығарады екен.

Шархан Ахметжанов – «АзияАгроФуд» АҚ бидай сатып алу жөніндегі бөлімінің басшысы, Алматы облысы:

– Солтүстік өңірдің бидайының сапасы өте жоғары. Сол себепті осы аймаққа келіп, әріптестік орнатқымыз келеді. Жаңа 2 меморнадумға қол қойдық.

Сондай-ақ, теріскейден Алматы облысына биыл жалпы құны 4 млрд теңгеге жуық тауар жеткізіліпті. Оның 9,3%-ы сүт өнімдері екен.

Роза Сүлейменова – «Молпродукт» ЖШС директоры:


–  Қазір біздің кәсіпорын күніне 500 тонна сүт өндіреді. Мәселен, жыл басынан серіктестік сүт өнімдерінің 45 мың тоннасын шығарды. Тауарымызды Алматы облысында да кездестіруге болады. Ол жақта біздің жеке қоймаларымыз бар. Жалпы бүгінде біздің тауарларымыз Қазақстанның барлық аймағына жеткізіледі. Экспортқа да шығып отырмыз.

Айту керек, бұл күні екі өңір арасында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 6 меморандумға қол қойылды.

Амандық Баталов – Алматы облысының әкімі:

 


–  Бізде халық саны көп. 2 млн-нан асады. Оларды ұнмен қамту керек. Сол себепті осы аймақпен қарым-қатынас орнатудамыз.

Алматы облысы делегациясының теріскейге сапары 2 күнге жалғасады.

Айгерим Ержанова