МТРА жаңалықтары

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңір кәсіпорындарын аралады

Меймандарға «Green Рark» парк-отелінің құрылтайшысы Максим Калинин экскурсия ұймдастырып, нысанмен таныстырып шықты. Биылғы қыста мұнда жабық бассейн пайда болмақ. Ал келер жылы амфитеатрдың құрылысы жоспарланған екен.

Бұдан кейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған делегация «Казтехмаш» машина жасау зауытында болды. 2014-ші жылы негізі қаланған кәсіпорын екі жылдың ішінде қуаты мықты 50-ден астам «Сампо Азия» комбайндарын шығарған. Сонымен қатар, зауыт өзге де ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырады.

Евгений Бебко – «Қазтехмаш» машина жасау зауыты» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:


–  Қазіргі таңда комбайндарды өзімізде құрастырып, оған қажетті құрал-саймандарды отандық зауыттардан ғана алу бағытында жұмыстар жасалынып жатыр. Ол үшін қазір кәсіпорында финдық мамандар еңбек етуде. Оның арқасында техникаға деген сұраныс артады. Әрі бағасы да төмендейді.

Осы жерде Алматы облысынан келген делегацияға өзімізде жасалатын тегеурінді техникалар көрсетілді. Меймандарға аймақ басшысы Ерік Сұлтанов барлық машиналардың қуаттылығын айтып, шетелдік өнімдерден артықшылығын баян етті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Бұл – «Батыр» маркалі К-704 тракторы. Техниканы жасауды биыл бастадық. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 100 машинаны құрайды. Біз бұған қажетті гидравлика, трансмиссия сынды бөлшектерді өзгелерінен сатып аламыз. Алдағы уақытта оларды да өзімізде жасайтын боламыз. Бір техниканың құны – 30 млн теңге, субсидиямен алғанда 22 млн-ды құрайды. Ал дәл осындай Джондир болса 100 млн теңге тұрады.

Өңіріміздің ауылшаруашылығы машина-техника паркінің қуаттылығы жоғары. Бұған бүгін облысымызға келген меймандар көз жеткізді.

Қауқары мықты, тегеурінді техника жетісулықтардың қызығушылығын тудырды.

Амандық Баталов – Алматы облысының әкімі:

– Импортталатын Джондир 100 мың теңге тұрады. Ал мынау техника небәрі 50 млн, ал субсидиялаудың арқасында, тіпті 30 млн теңгенің маңайында болады. Бұл 3 есеге арзан. Оның үстіне өнімділігі де шетелдіктермен бірдей. Ғажап екен.

Өңір жетекшісі Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа алдымен “РETROMALI COMPANY” серіктестігін көрсетті. Аталмыш компания жылына 24 мың тонна бидай өңдеп, 17 мың тоннаға жуық ұн шығарады. Бүгінде өнімнің 75 пайзын Ауғанстанға экспорттауда. Қалғаны Қырғызстан, Ресей мен Қазақстанның өзге өңірлеріне жөнелтіледі. Тапсырыс түсіп жатса, мұндағылар тауарды Алматы облысына да жіберуге дайын.

Сондай-ақ, меймандарға «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің сүт зауыты да көрсетілді. 6 гектар аумақты алып жатқан алып кәсіпорын бір ауысымда 50 тонна шикізатты қайта өңдеуге қауқарлы. Мұнда өнімнің 34 түрі шығарылады. Сүттен бастап, қаймақ, ірімшік, айран сынды тауарларды бүгінде елордалық тұрғындармен қатар ресейлік тұтынушылар да сатып алады.

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты “Қазетөнімі” серіктестігінің де жұмысымен таныстырды. Кәсіпорын ет өнімдерінің 120 түрін шығарады.

Кәсіпорындағылар жылына шұжық пен жартылай дайын өнімдердің 830 тоннасын шығарады. Ал даяр болған тауарлар тек Қазақстанда ғана емес, көршілес елдерде де сұранысқа ие.

Татьяна Куликова – “Қазетөнімі” ЖШС директорының орынбасары:

– Қазіргі таңда ет өнімдерін ел нарығынан бөлек Ресейдің Қорған және Челябі облыстарына жөнелтудеміз. Қорғанда өзіміздің сауда орнымызды аштық. Енді Түменмен де жұмыс жасамақ ниеттеміз. Қазір келісімшарт әзірленіп жатыр.

Ал, бұл – “ТНС-Экспорт” ЖШС. Элеватордың жобалық қуаттылығы – 120 мың тонна. Мұнда келген меймандарға серіктестік басшысы Қуат Қасен кәсіпорынның жұмысымен таныстырды. Бүгінде элеваторға 50 мың тонна алтын дән сақтаулы. Оның 30 мыңы – биылғы астық. Мұндағылар өнімдерін Орта Азия елдеріне экспорттайды. Келер жылы жаңа зауыттың құрылысын бастамақ.

Қуат Қасен – “ТНС-Экспорт” ЖШС бас директоры:

Май зауытының қуаттылығы 500 мың тонна. 200 мың тоннасы рафинадталған май өндіріледі. Болашақта Ресей мен Европаға тауарымызды экспорттайтын боламыз.

Бұдан кейін жетісулық қонақтар қала көркі әрі мақтанышы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде болды. Күнгейден келген меймандарға қазақтың ұлы ханы Абылайдың өмір жолы жайлы айтылды.

Риат Шони