Спорт

Петропавлда СҚО білім басқармасының кубогі үшін қыздар арасында волейболдан чемпионат басталды

Олар қаладағы колледждер, өңір аудандары және спорт-интернат пен көршілес Ресейдің Есілкөл қаласынан келген құрамалар.

 

– Әуе допты алақанында ойнатқан бұрымдылар облыстық білім басқармасының кубогі үшін ұйымдастырылған сайыста қайта ұшырасты. Дәл қазір паркетте Қызылжар ауданы мен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі командалары араларындағы мықтыны анықтауда. Қай құрамадағы қыздардың мысы басым екендігін уақыт таразылайды.

Кездесуді ала түсті формадағы қызылжарлықтар белсенді бастады. Тегеурінді қарсылық танытып, қоржындарын ұпайлармен толықтырды. Жанкүйерлердің қиқуымен алға басқан паркет қожайындары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің қыздары да аянып қалмай, соңына дейін таласты. Дегенменде, алғашқы партия қонақтардың еншісінде қалды. Есеп 23-25.Ал келесі сет қызыққа толы болды. Қос команда ойыншылары әр ұпай үшін таласып, соңына дейін тырысты.

Бірақ қалған сеттерде ақ жейдедегі паркет қожайындарының мысы басым болды. Үш партияда әдбен қалжыраған қызылжарлық бұрымдыларды ойсырата ұтты. Қорытынды есеп 3-1, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі командасының пайдасына шешілді.

Елена Ряписова – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:


–  Ойын өте ауыр болды. Бірінші партияда жинақтала алмай ұтылып қалдық. Ал қалған сеттерде психологиялық тұрғыда қарсыласымыздан басым түсіп, жеңіске жеттік. Бұл турнирге жаттығу барысында біз өзіміздің колледждегі ұлдармен күнде ойнадық.

Жалпы турнир жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл жарысқа қатысушылардың саны 8. Олар колледж студенттері мен мектеп оқушыларынан жасақталған құрамалар.

Евгений Целых – жарыстың бас төрешісі:


–  Турнирге қаладағы спорт-интернаттың атынан екі команда, облыс орталығынан екі колледж, Есіл және Қызылжар аудандары мен көршілес Ресейдің Есілкөлінен де құрама қатысуда. Сайыс шарты бойынша ойыншылар 1996-шы жылы туылғандар және олардан кіші жастағылар болу керек. Кейін бұлардан облыс құрамасы жасақталып, қараша айында өтетін республикалық жарыстарға аттанады.

Жарыстың финалдық бәсекелері жұма күні өтеді. Онда жеңіске жеткен команда өңір намысын республикалық сында қорғайтын болады.

Риат Шони