МТРА жаңалықтары

Биыл Петропавл қаласында ұйымдасқан қылмыстық топ 8 жалған кәсіпорын құрған

Осылайша, 4 кәсіпорын алдап-арбау жолымен 2 млрд теңгенің пайдасын тапқан. Бірақ, мемлекетке мүлде салық төлемеген. Ақыры қарыз сот шешімімен өндіріліп алынуда. Жалған кәсіпкерлікпен айналысқандарға қателігін түзету үшін фискалдық орган біраз уақыт береді екен. Егер ол негізгі және қосымша салығын өтемесе жауапты тұлғалар 2 не одан көп жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Данияр Жанәлінов – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

– Жалған кәсіпкерлік арқылы табысын жасырып қалатын ұйымдарды анықтаған жағдайда біз оларға салықты төлеу туралы хабарлама жібереміз. Одан кейін қателікті түзетуге біраз уақыт береміз. Табысын жасырған ұйымдарға қосымша салық салынады. Егер жауапсыз кәсіпорынның төлемеген салығы 20 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асып кетсе қылмыстық іс қозғалады.

Заң жүзінде қыспаққа алынғанда алаяқтар жасырған барлық ақшасын шығарып, тез арада берешегінен құтылуға тырысады екен. Ондай жағдайлар өңірімізде көп. Мысалы, бір тұлға 80 млн теңге салығын 10 күннің ішінде төлеп, қылмыстық жазадан құтылып кетіпті. Бүгінде тиісті ведомсвто кәсіпорын басшысын қатаң бақылау алған. Себебі, ол бұл алаяқтығын тағы да қайталауы мүмкін.

Нұрлан Құрсабаев – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі басқармасының аға тергеушісі:

– Биыл жалған кәсіпкерлікпен айналысқан тұлғалардың үстінен әзірге қылмыстық іс қозғалған жоқ. Бір тұлғаны жауапкершілікке тартпақшы болдық. Бірақ, ол адам жауапкершілігін толығымен мойындап, мемлекет алдындағы қарызын толығымен өтеді.

Қазіргі таңда елімізде бизнесмендер алдындағы әкімшілік кедергілер алынып тасталуда. Осыны көбінесе алаяқтар пайдалануда. Ауыр науқастанған адамдардың, тіпті, сотталушылардың атына да жалған кәсіпорындар ашқан көрінеді. Келіскен адамдарының әрбіреуіне 100-200 АҚШ доларын төлеп, құйтұрқы әрекеттерін бір тоқсанның ішінде орындап, іздерін суытып отырады.

Данияр Жанәлінов – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:


– Алаяқтар облыс аумағында жоқ мекенжайларға да жеке кәсіпкерлік нысандарын тіркей береді. Мысалы, басқа облыстан келген кәсіпкер ЖШС-гін біздің департаменттің мекенжайына тіркепті. Сонда оны тіркеген Әділет департаменті қайда қарап отыр екен.

Биыл Петропавл қаласының бірнеше тұрғыны ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, 8 жалған кәсіпорын құрған. Қазір оларға қатысты іс сотта қаралуда. Егер алаяқтардың қылмысы дәлелденсе, олар 6 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Оған қоса облыс аумағында тіркелген 3053 ЖШС пен КМК-дің 60 пайызға жуығы 4 жыл бойы мемлекетке салық төлемей келеді. Фискалдық орган мамандары осы мәселені де бір жақты ету керек дейді.

Берік Қасен