Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астана қаласында «KazAgro/KazFarm-2016» халықаралық көрмесі өтуде

Серік Егізбаев – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:


–  Аграрлық бағыт кез келген дамыған елдің экономикасында ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік салада да маңызды рөл атқарады. Қазақстан үшін ол экономикадағы басымдық берілетін сала болып табылады. Ол үшін мұндай көрмелерді өткізу маңызды.

Көрменің салтанатты ашылуынан кейін қатысушы делегаттар павильондарға ағылды. Мұнда жайғасқан түрлі компаниялар келіп-кетушінің қызығушылығын тудыратындай етіп өздерінің өнімдерін таныстыруда. Мәселен, ресейлік-немістік фирма «Agrofly international» аграрилерге мульткоптер деген тың техниканы ұсынуда. Келешекте ол ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғауда үлкен септігін тигізбек. 1 гектарды өңдеуге 120-150 теңге ақша жұмсалады. Ал коптердің өз бағасы – 6 млн теңге.

Сергей Терехин – «Agrofly international» компаниясының өкілі, ГФР:


–  Бұл дрон егіс алқаптарын пестицид, фунгицид және сектицидтармен себуге арналған. Машина толығымен автоматтандырылған режимде жұмыс істейді. Бұл модель 1 гектарға арналып жасалған. 10 литр ерітіндіні 1 гектар жерге 10 минутта себеді.

Ал қостанайлық “Агний” серіктестігі тоқта астық кептіргіш салумен айналысады. Бұл компаниямен бүгінде Жамбыл ауданының аграрийлері етене жұмыс жасауда. Сондай-ақ, серіктестік шетелдік өндірушілермен де әріптес.

Евгений Ефимов – “Агний” ЖШС коммерциялық директоры, Қостанай қаласы:


–  Бұл электронды бақташы деп аталады. Шашпада қамауда тұрған мал қоршауға жақындаған кезде оны тоқпен ұрады. Бұның көмегімен тағы егістік жерлер мен орамдарға қоянның кіріп кетуіне жол бермеуге болады.

Ал мынау павильонда өзінің қондырғыларын кәрістер жайғастырыпты. “Daewon” GSI компаниясы күріш пен дәнді дақылдарды көп деңгейлі өңдеуге арналған құрылғылардың барлық түрін өндіреді. Бүгінгі көрмеге олар фотосепараторды алып келіпті. Қондырғы бидайды түрі мен түсіне бөліп сұрыптайды. Өздерінің ойлап тапқандарын Оңтүстік Кореяның компаниясы әлемнің 50 еліне экспорттайды.

Джан Ву Сук – “Daewon” GSI компаниясының бас менеджері, Оңтүстік Корея:


–  Бидайда қоспа бар. Оларды түсі бойынша ажыратып, сұрыптауға болады. Сонымен қатар, кез келгенін пішіні бойынша да таңдап алуға мүмкіндік бар. Фотосепаратордың кіші қуаттылығы сағатына 1 тонна, ал ең жоғары мүмкіншілігі – сағатына 30 тонна бидай.

Словениялық “Танин Севница” компаниясы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы көрмесіне осымен үшінші жыл қатарынан қатысуда. Әзірге, әріптестерін таба қоймапты. Олар 90 жыл бойы әлемге фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, мал және құс шаруашылығына қажетті өнімдерді өндіреді.

Мая Симонич – «Tanin sevnica» жемшөп қоспаларын сату жөніндегі менеджері, Словения Республикасы:

– Таниндермен біз Еуропада 2005-ші жылдан бері қолданылуына тыйым салынған антибиотиктерді алмастырамыз. Осы жылдан бастап біз антибиотикетрді ауыстыратын белсенді компоненттерді іздеумен айналысудамыз. Бүгінде бізде үлкен тәжірибе бар.

«KazAgro/KazFarm» көрмесіне биыл өзінің тауарларымен финляндиялық және грузиялық компаниялар алғаш рет қатысып отыр. Көрмеге Грузияның ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гоча Цопурашвили де келіпті. Қазақстанмен арадағы тауар айналымын арттыруға келісіп, өз елінен шарап, жаңғақ пен жеміс-жидекті әкеліп, бізден бидай сатып алсақ деген мақсаттары бар.

Гоча Цопурашвили – Грузия ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

– Біздің елімізде агротуризм мен шарап жасау бағыты жақсы дамыған. Жыл сайын Қазақстаннан келетін қонақтардың саны артуда. Біздің өнім Еуропада саудаланады. Қазақстандық бидай өте сапалы, қазір еліміздің экономика министрлігінде түрлі нұсқаларды қарастырып жатыр.

Жалпы «KazAgro/KazFarm» көрмесі Қазақстанда дәстүрге сай орақ науқаны аяқталғаннан кейін ұйымдастырылады. Бұл аграрийлерге ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістер мен келер жылға дайындалуға, ал Үкіметке заң жобасына өзгертулер енгізуге немесе тың бағдарламаларды қабылдауға мүмкіндік береді. Сол себепті, қазір елімізде 2021-ші жылға дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жаңа жоба әзірленуде. Онда нақ осы көрменің қорытындылары да ескерілетін болады.

 

Риат Шони