МТРА жаңалықтары

Жыл басталғалы облыста жолаушы тасымалдаушылардың қатысуымен 12 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Мағжан Ахмадина – тілші:


– Жыл басталғалы 30-ға жуық рейдтік шара ұйымдастырылып, 300-ден астам темір тұлпар иесі тексерілген, соның 18-і заңсыз адам тасымалымен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, тағы 2-уі жүргзуші куәлігінен айырылған.

Бұл жандар өзінің ғана емес, өзгенің өміріне қауіп төндіре отыра адам тасымалымен айналысқан. Тәртіп сақшыларының айтуынша, тексеріс жұмыстары барысында кейбірінің, тіпті тиісті құжаттары да болмай шыққан.

Әбілсейіт Жолаушин – СҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы:


–  Жыл басынан жолаушылар тасымалымен айналысушылардың қатысуымен 12 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 1 адам қаза тапты.

Жалпы бүгіндері Петропавлда жолаушылар және жүк тасымалымен айналысатын ресми түрде тіркелген 6 ұйым бар. Күнара 837 жеңіл такси көлігі петропавлдықтарды тасымалдайды. Ал қалғандары оңай ақша табу жолында, темір тұлпарға отырып, жұмыс істейтін көрінеді.

Қайрат Оразалин – СҚО ІІД бастығының орынбасары:

– Ағымдағы жылдың басында заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын облыс тұрғыны жол-көлік оқиғасына ұшырады. Ауа райына қарамастан Петропавлдан Тайынша жаққа адамдарды апара жатқан Ауди автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы автокөлікпен соқтығысып, оқиға орнанда қаза тапты. Екінші темір тұлпар иесі де ауруханаға жеткен соң көз жұмды.

Міне, заңсыз жасалған әрекеттің соңы осылай аяқталды. Сол себепті, жолаушы тасымалымен рұқсатсыз айналысатындармен күрес шаралары үнемі жүргізіліп отыруы тиіс. Ол үшін үстіміздегі жылдың жазында өңірде «Жолаушылар тасымалы одағы» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Оның құрамына жолаушы тасымалымен айналысатын 70 кәсіпорын кіреді. Бүгінгі жиынға қатысқан ұйымның төрағасы Наиль Абраев қазіргі таңда жүргізуші қызметі еріккеннің ермегіне айналып бара жатыр дейді.

Наиль Абраев – «Жолаушылар тасымалы одағы» ҚБ төрағасы:


–  Көбі үшін такси жүргізушісі болу – ақша табудың оңай жолы. Олар, тіпті құжаттарының дұрыс еместігіне қарамастан жолға шығады. Сөйтіп, өзінің ғана емес, өзгенің өмірін қатерге тігеді. Біздер жолаушылар тасымалымен айналысатындарды біздің ұйымға кіріп, барлығын реттеп алуға шақырамыз. Бұл ретте проблемалар жетерлік.

Ұйым төрағасының шамданатын жайы да бар. Өйткені, аталған жиынға жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілер мен кәсіпорындардың көбі шақыртуды қабыл алмаған. Ал шарада аталған салаға қатысты мәселе тереңінен көтерілді.
Тағы бір айта кететін жайт, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатындар 15 АЕК айыппұл төлейтін болады.

Мағжан Ахмадина