МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа тапсырылды

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:


–  2016 жылы “Денсаулық” деген жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Жоба аясында 2020-шы жылға дейін өмір сүрудің орташа жасы 73-ке дейін жету керек. Бұл үшін өңірде көптеген істер атқарылып жатыр. Бәйтерек ауылындағы ашылған жаңа нысанда өз үлесін қоспақ.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова мен Бәйтерек ауылының тұрғыны, Моңғолияның еңбек сіңірген мұғалімі Біләл Жәнімхан нысанның таспасын салтанатты түрде қиды. Кейін меймандар фельдшерлік-акушерлік пункттің ішін аралап, кабинеттермен танысты. Нысанды жеке кәсіпкер тұрғызған екен. Ал оны облыстық бюджеттің есебінен 20 млн теңгеге мемлекет сатып алған. Қазір мұнда үш қызметкер еңбек етеді.

Айнұр Абирова – Бәйтерек ауылының ФАП мейірбикесі, Қызылжар ауданы:


–  ФАП-та фельдшер, екпе, процедуралық және де акушерлік кабинет бар. Сонымен қатар өзімізде жедел жәрдем машинасы бар. Оның арқасында аудан орталығына науқастарды апара аламыз.

Айгүл Бейсенбаева Бәйтерек ауылына 7 жыл бұрын Ресейдің Омбы қаласынан қоныс аударған. Атамекенді аңсап келген нәзік жанды – 5 баланың анасы. Бүгінде оның жеке кәсібі бар екен. Бұрындары елді мекен тұрғындары көрші ауылға барып дәрігерге қаралатын. Енді тұрғындар алысқа ұзамай-ақ, ем-дом шараларын осыннан ала алады.

Айгүл Бейсенбаева – Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:


–  Бұрындары біз көрші ауылға баратынбыз. Сонымен қатар өзімізде шағын медициналық пункт болды. Ол әрине тар, және де ыңғайсыз болатын. Енді жаңа нысан қолданысқа беріліп, қуанышымызда шек болмай отыр.

Бүгінде Бәйтерек ауылында 1500-ға жуық адам тұрады. Оның 450-і – 14 жасқа дейінгі бала. Ал жүкті әйелдердің саны 12 екен. Жалпы жыл басынан елді мекенде 20 сәби дүниеге келген. Бұл күні жаңа нысанның ауласына бірнеше шырша ағаштары отырғызылды. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова да қатысты.

 

Риат Шони