МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Балаларға қуаныш сыйла” атты қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

Бұл жолғы жәрмеңкеге студенттер өз қолдарымен дайындаған тағамдарын және қолөнер бұйымдарын қойыпты. Мұнда бауырсақ пен құймақ, кекс пен чак-чак та бар. Тіпті тоқылған шұлық пен көрпешіктерді де алуға болады.

Шынар Сейткаримова -М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


–  Мұндағы заттардың бәрі тегін. Яғни белгілі бір сомаға сатылмайды. Бірақ келушілер ең алдымен қайырымдылық жәшігіне мүмкіндігінше ақша салулары қажет. Ал бұдан соң өз қалаулары бойынша тағамның түр-түрін ала алады.

Шарапаты мол шараға келген қатысушылардың қарасы қалың. Мұнда студенттер мен оқытушылар көптеп жиналуда. Қайырымдылық жасаушылардың қатарында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің проректоры Мүкарам Тайжанова да бар. Бүгінгі жәрмеңкеден ол құймақ пен ащы құрт алыпты.

Мүкарам Тайжанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:


– Мен бұл шараға жыл сайын қатысамын. Осылайша қайырымдылыққа мен де үлесімді қосудамын.

Айту керек, аталған ЖОО-ның педагогика және психология кафедрасында жыл сайын бірнеше қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады екен. Мәселен, бұған дейін өткізілген жәрмеңкеде олар шамамен 50 мың теңге қаражат жинаған. Бұл сомаға балалар үйіндегі бүлдіршіндерге сыйлықтар алыныпты.

Айгүл Айтымова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы:


–  Қайырымдылық жәрмеңкенің басты мақсаты – студенттерді рухани адамгершілікке тәрбиелеу. Әсіресе, бұл болащақ әлеуметтік ұстаздар мен педагог психологтар үшін маңызды.

Жиналған қаражатқа студенттер мен оқытушылар облыс орталығындағы жетімдер үйінің біріне барып, балаларға арнап жаңа жылдық кеш өткізбек.

Айгерим Ержанова