МТРА жаңалықтары

Желтоқсанның 16-сы Бескөл ауылында 18 пәтерлік тұрғын үй қолданысқа тапсырылады

Дмитрий Шепелев – “Лира” ЖШС шебері:


– Қазір учаскеде 20 адам еңбек етуде. Оның 6-уы “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында уақытша жұмысқа алынды. Осы күні ішкі әрлеу жүріп жатыр. Шағын отбасылық жатақханада екі, үш бөлмелік пәтерлер бар. Әрбіреуіне душ, газ орнатамыз. Әрбір пәтірдің аумағы орташа 50 және 70 шаршы метрді құрайды.

Бүгінде жатақхананың ауласы абаттандырылып, сыртқы инженерлік желілер толығымен тартылыпты. Аталған жұмыстарды “Севимсталькон” серіктестігінің еңбеккерлері атқарған. Биыл олардың қатарында “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 6 адам уақытша еңбек етіпті.

Бақыт Ілиясов – Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:


– 18 пәтерлі шағын отбасылық жатақхананың құрылысына ел және облыстық қазыналардан 140 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бүгінде ақшаның көп бөлігі игерілді. Сондай-ақ, ауланы аббатандырып, сыртқы инженерлік желілерді тартуға облыстық және республикалық бюджеттерден 43 млн 800 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда осы баспанадан пәтер алатын үміткерлердің тізімі әкімдікте қаралып жатыр.

Баспана орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Жақында жылу беріледі. “Лира” серіктестігінің еңбеккерлері жоспарлы жұмыстарын межелі мерзімінен бұрын аяқтамақшы. Тұрғындар пәтердің кілтін желтоқсанның 16-сы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында алады. Келесі жылы Бескөл ауылында “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында тағы бір 30 пәтерлік жатақхана салынады. Ол да жас мамандар мен жас отбасыларға арналмақшы. Бүгінде «КА-Дорстрой» компаниясы баспана жанына Сәптаев және Первомайская көшелеріне асфалть төсепті. Осылайша, Бескөл ауылының Оңтүстік-Шығыс ауданы біртіндеп көркейіп келеді.

Берік Қасен