Спорт

“Мен чемпион” жобасының республикалық кезеңіне 16 команда қатысады

Риат Шони, тіліші:

– «Мен – чемпион». Салауатты өмір салтын насихаттап, өскелең ұрпақты спортқа баулуды мақсат еткен ауқымды жоба көгілдір экранға қайта оралмақ. 2 бірдей маусымды артта қалдырған бағдарламаның осы жолы республикалық кезеңі ұйымдастырылмақ. Байрақты дода қарашаның 1-і күні өз жалауын Петропавл қаласында желбіретеді.

«Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен өткізілген спорттық ойындарға алғашқы маусымда – 8, ал келесісінде 10 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысты. Жыл өткен сайын жобаның ауқымдылығы байқалуда. Биылғы республикалық кезеңге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 команда қатысады деп күтілуде.

Евгений Сазанов – «Мен чемпион» жобасының авторы, МТРА директоры:


–  Өткен жылы ел бойынша 122 мың оқушы осы жобаға қатысты. Бұл ойындар Хабар телеарнасында көрсетілетін болады. Ол үшін “Мен чемпион” жобасының продюсерлік орталығы келісім шарт жасасты. Ойындар дәстүрлі түрде өткізіледі. Келесі республикалық сын енді қай қалада болатын айта алмаймын.

Осы жолғы «Мен чемпион» жобасының республикалық кезеңінде өңір намысын «Стрела» командасы қорғайтын болады. Жас өрендер былтырғы маусымда қарсылас шыдатпай, чемпион атанған. Екі жыл қатарынан бақ сынап келе жатқан оқушылар оның алдындағы көрсеткіштерін жақсартты. Финалдық сында жасөспірімдер азулы қарсылас Ақжар ауданының “Салауатты ұрпақ” командасын тізе бүктіріп, кубокты көкке көтерді.

Қазір балалар қарбалас оқуға қарамастан сайысқа қарқынды дайындалуда. Күні-түні жаттығып, құрыштай шынығып жатыр. Республикалық кезең өз өңірімізде өтетіндіктен чемпиондықты ешкімге бермеуге тырысамыз дейді жас өрендер.

Владимир Ивенский – «Стрела» командасының мүшесі, Петропавл қаласы:


–  Біз республикалық кезеңде өз өңіріміздің намысын қорғаймыз. Әрине, үлкен жауапкершілікті сезініп тұрмын. Бізге үйдегі ата-аналарымыз, мектептегі достарымыз жанкүйер болып қолдау көрсетеді. Енді олардың үмітін ақтауға бар күшімізді саламыз.

“Бала көңілі далада” дегендей, оқушылар спортқа көп көңіл бөліп, оқуды да назардан тыс қалдырған жоқ. Әрине, өңір намысын қорғау маңызды. Дегенмен де білімсіз күн жоқ. Сол себепті, жеткіншектер спортты да ұмытпай, оқуды ды қалыс қалдырмай жүр.

Елена Мироедова – №7 орта мектептің ән-күй сабағының мұғалімі:


–  Біздің мектептің оқушылары осындай жоғары деңгейге шыққанына біз әрине қуаныштымыз. Спортқа көп көңіл бөлу олардың оқуына өз әсерін тигізді. Балалар кішкене жинақы болып, жауапкершілікті ұғына бастады. Соның арқасында оқудағы үлгерімдері арта түсті. Қазір барлығы да сабақтарын жақсы оқиды.

Жалпы «Стрела» командасына да, бапкерге де артылған жүк ауыр. Оларға ертең барлық теріскейліктер қолдау көрсетіп, жеңіс күтеді. Ал жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген ұл-қыздар үшін, сын сағатта ауыртпалық түсетіні белгілі. Оны ұйымшылдық пен табандылықтың арқасында жеңе білу керек дейді команда жаттықтырушысы.

Елена Зеленова – «Стрела» командасының бапкері, Петропавл қаласы:


– Біздің командада ойыншылар жеңіл атлетика, туризм, футбол сынды спорт түрлерімен айналысады. Балалардың барлығы үздік атанғысы келеді. Дегенменде, үлкендердің айтқандарын тыңдайды. Енді республикалық кезеңде біз өңір намысын сәтті қорғап, жеңімпаз атанамыз деген сенімдемін.

Өздерінің мектептегі достарын, сыныптастарын ертеңгі сайыста қолдайтын жанкүйерлер де қызу дайындық үстінде. Жас өрендерді жеңіске деп жігерлендіретін түрлі суреттер салып, ұрандарын да әзірлеп қойыпты.

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған «Мен чемпион» жобасының республикалық кезеңі қарашаның 1-і басталып 4 күнге жалғасады.

 

Риат Шони