Денсаулық сақтау

Сүт безі обыры дертіне қарсы ашық есік күні өтті

Жанна Жүсіпова:

– Мен УЗИ диагностика мен дәрігерлердің қарауынан өту үшін келдім. Өйткені, обыр ауруы аса қауіпті. Ал оны ерте бетте анықтаса, емдеуге болады.

Шынымен де егер дерт уақытында анықталса емі де шипалы болмақ. Сол себепті, үнемі скринингтік тексерулер ұйымдастырылып тұрады. Жыл басынан мұндай шаралардан 12 мыңнан астам нәзік жанды өткен. Оның 29-нда обыр дерті анықталыпты. Тағы 164 әйел адам есепке алынған.

Олег Дудяк – Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары, м.ғ.к.:

– Сүт безінде болатын қандай да бір өзгерістерге әйелдер немқұрайлы қарамауы керек. Бір күдік туындаған жағдайда міндетті түрде келіп тексерілу қажет. Ауруды емдеудің көптеген шаралары бар. Ол – ота жасау, сәулелік терапия және дәрілік препараттар арқылы емдеу. Көбі ісік пайда болса, жазылмайды деп қорқа бастайды. Бірақ, бұл жансақ пікір. Сондықтан, ерте баста анықталған обыр дертінің 90 пайызы емделеді.

Ашық есік күні диспансерде арнайы конференция ұйымдастырылып, дәрігерлер жиылғандарға сүт безі обырының пайда болу себептерін де айтып өтті. Оның алғашқысы – тұқым қуалаушылық.

Ирина Астанина – Облыстық онкологиялық диспансердің маммолог-дәрігері, м.ғ.к.:

 


–  Егер сүт безі обыры жақын туысқандарда болса ауру қаупі күшейеді. Тағы кеш бала туу, яғни 35 жастан кейін сәбилі болғандардың не мүлде бала тумаған жандарда осы дерттің пайда болуы мүмкін. Тағы нәрестені дүниеге әкеліп, оны емізбесе де бұл ауруға шалдығу қаупі жоғарылайды.

Тағы аталған ауруға зиянды әдеттерге әуес адамдар шалдығуы мүмкін. Яғни, шылым шегу, ішімдік ішу. Сондықтан, ақ халатты абзал жандар ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде деген қағиданы ұстану қажет дейді.

Магжан Ахмадина