Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” мен “Қайсар” ФК арасындағы ойын тең болды

Ойынның бірінші минуттарында қызылжарлық жігіттердің қарқыны күшті. Олар жергілікті жанкүйерлер алдында намысқа тырысып есеп ашудың амалдарын іздеуде. Бірақ, екі жақ та қарсылас қақпа маңындағы қауіпті сәттерді жібермеуге тырысты. Осылайша, бірінші 45 минуттықта есеп ашылмады.

Ал келесі таймның 53-ші минутында қызылжарлық футболшы Владимир Седельников қателікке бой алдырып, өз қақпасына гол жіберіп алды. Бұл тұста қақпашы Тимурбек Закиров командасына көмектесе алмады. Қайсарлықтар 0-1 есебімен алға шықты. Бұдан соң жерлестеріміз шабуылдарына қарқын қосып есеп айырмасын теңестіруді көздеді. Матчтың 73-і минутында шабуылшы Бошко Ступич шеберлігімен танылды. Сұрмерген допты “Қайсар” құрамасының қақпасына бағыттап, тамаша голдың авторы атанды. Сөйтіп, таразы басын теңестірді.

Дегенмен де қызылжарлықтар матчтың соңғы секундтарына дейін қанша жеңіс голын соғуға тырысқанымен таблодағы есепке өзгеріс енгізе алмады. Сонымен, 90 минуттықтың қорытындысы бойынша есеп 1-де 1.

Али Алиев – “Қызыл-Жар СҚ” ФК капитаны:


– 2-ші таймның басында қателікке жол бердік. Қақпамызға гол жіберіп алдық. Бірақ, ойынымыздың тактикасын өзгертіп, есепті теңестірдік. Өкінішке қарай, жеңіске жете алмай қалдық. Енді осы маусымда бізде бір кездесу қалды. Оны ақтаулық “Каспий” құрамасымен өткізбекпіз. Жеңіске жету үшін барымызды салып тырысамыз.

Енді “Қызыл-Жар СҚ” ФК турнирлік кестеде 50 ұпаймен 2-ші орында тұр. Премьер-лигаға шығу үшін тартыс әлі де жалғасуда. Сол себепті, жергілікті құрамаға келесі кездесуде тек жеңіске жету қажет.

Тоғжан Ақмағамбетова