Көлік және жолдар

Петропавлда ескі көлікті утилизациялау полигоны пайда болмақ

Ақбөпе Тәңірберген, тілші:

– Қазақстандық 3,5 млн темір тұлпардың қолданыста жүргеніне 10 жылдан асқан. Бұл – елімізде тіркелген көліктердің 60 пайыздан артығын құрайды. Экологтар мұндай көлемдегі ескірген автомобильдерден қоршаған ортаға келтіретін зиян көп деп дабыл қағуда. Егер көлік айлап-жылдап аулаңызда тұрып қалса айналаға кері әсерін тигізе бастайды екен. Ұлттық Экономика министрлігінің ақпарынша көбіне техникаларға құйылатын арнайы химиялық сұйықтықтар мен майлардан келетін залал көп.

Бұл ретте алдымыздағы қарашада ел төңірегінде “Қолданыстан шыққан көлік құралдарын өткізуге ынталандыру” пилоттық жобасы іске қосылмақ. Яғни, Қазақстанның 17 қаласында ескірген көліктерді жою полигондары пайда болмақ. Бұл қатарда Солтүстік Қазақстанның орталығы да бар. Автокөлік иелері әбден тозған темір тұлпарын өткізіп, 48-150 мың теңге көлеміндегі өтемақыға қол жеткізе алады. Машинаның шығарылған жылы, таңбасына қарамайды, төленуі тиіс ақы көлік иесінің жеке есеп шотына аударылады. Бірақ, көлікті сатқан адам меншігін белгіленген полигонға дейін өз есебіне жеткізеді.

Петропавлда қазіргі таңда көлікті бөлшектеумен айналысатын бірнеше кәсіпкерлік бар. Вадим Вдовинов бұл бизнесін 4 жыл бұрын ашқан екен. Оған тұрғындар әбден тозығы жетіп, қолданыстан шығарылған машиналарын әкеліп, тапсырады. Кәсіпкер тауардың күйіне қарап, бағаны өзі белгілейді екен. Кейін, оны бөлшектеп саудалайды. Бүгін де оның мына тұрағында 70-ке жуық ескі көлік бар.

Вадим Вдовинов, «Вдовинов» ЖК директоры:


– Ескі Ваз, Лада маркалы кеңес үкіметі кезінде шығарылған көліктерді қабылдаймыз. Біртіндеп саймандарын, бөлшектерін сата береміз. Осылай жылдап тұрып қалатындары да бар. Жаңа жоба іске қосылғанымен бізге келетін клиенттер азайып қалмайтын сияқты. Себебі, көліктің иесі арнайы полигонға тапсыру бағасына қанағаттанбаса онда металл өткізу пункті мен біз сияқты бөлшектеу кәсіпкерліктерін іздейтіні сөзсіз.

Әзірге, петропавлдықтар жарамсыз автомобильдерін осындай бөлшектеу орындарына әкеліп тапсырып жүр. Жол апатынан әбден майысып қалған көліктерді металл қабылдайтын пункттерге келісін 30 теңгеден өткізеді. Ал, әне-міне, іске асырылғалы тұрған жоба аясында көлікті арнайы бекітілген бағаға өткізеді және залалсыздандырылып, қоршаған ортаға да еш зияны болмайды. Десе де, жүргізушілердің бірі ескі көлігімді бұдан едәуір қымбатқа сата аламын десе, екіншілері бастаманы кұптап отыр.

– Қаламызда ескі көліктер өте көп. Оның барлығын утилизациялау керек, ірине. Ауаға зияна келмесе жақсы. Сондықтан, жаңа жобаның тигізер пайдасы мол деп ойлаймын.

 

– Бағдарламаны қолдамаймын. 48-150 мың теңге деген ол ақша емес. Көлік сайманы одан он есе қымбат. Көлік жүргізушілерге тиімсіз бағдарлама де ойлаймын.

Ұлттық Экономика министрлігінің статистика бойынша комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 6 миллионнан артық жеңіл машина бар. Оның 37 пайызы есептен алынып тасталған.

Ақбөпе Тәңірберген