МТРА жаңалықтары

Астана қаласында СҚО ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Әсіресе, “Пальчик” серіктестігі шығаратын Булаев майы елордалықтардың ерешке сұранысына ие. Баян Тәшмұхаметова бүгін Солтүстік Қазақстаннан жеткізілген өнімнің бірнеше қорапшасын сатып алмақшы.

Баян Тәшмұхаметова – Астана қаласының тұрғыны:


–  Булаев майы өте дәмді. Сондықтан бүгін солтүстікқазақстаннан әкелінген майды алуға келдім.

Аққайыңдар өлкесінің әрқашан алқабы астыққа, жайлауы малға толы. Сондықтан болар, жәрмеңке алаңында қаз-қатар тігілген шатырлар 100-ден аса өнім түріне толып тұр. Сөрелерге қойылған өнімдер сапалы әрі бағалары нарықтағыдан 15-20% пайызға төмен.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


–  Жәрмеңкеге 100-ден аса шаруашылық қатысып отыр. Өнімдер 60-тан аса шатырда сатылып жатыр. Біздің тауарлар астаналықтарға ұнайды. Сондықтан тұрғындар азық-түлікті сатып алуда.

Күз келісімен Астанада еліміздің әр өңірі ауылшаруашылығы жәрмеңкесін өткізеді. Жергілікті тауар өндірушілер ұйымдастырған кезекті шараны Астана қалалық әкімдігінің өкілдері байқады. Олар теріскейлік еңбекқор шаруалардың дайындаған өнімдеріне оң бағаларын беруде.

Малика Бектұрова – Астана қаласы әкімінің орынбасары:


–  Астана қаласында солтүсқазақстан облысы ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесі өткен жақсы. Бұл шара биыл елордада 7-ші рет ұйымдастырылып отыр.

100 тонна ұн, 24 тонна сүт өнімдері, 400 қорапша жұмыртқа. Бұл тауарлардың барлығын қас қағым уақыт ішінде елордалықтар сатып алып жатты. Жылдағы жәрмеңкеге «Фрегат» серіктестігі 1 тоннадан аса шұжық өнімдерін әкеліпті. Әсіресе, петропавлдық кәсіпорын дайындаған қазы-қарта, жал-жаясы астаналықтардың үлкен сұранысына ие.

Гүлзия Баекина – «Фрегат» ЖШС сатушысы, Петропавл қаласы:


– Жәрмеңкеге жылда қатысамыз. Астаналықтар біздің шұжықтарды сүйсіне жейді.

Теріскейден Елорда төріне жеткізілген балға да қызығушылық танытқандардың қатары көп болды. Осымен «Сагудинов» ЖК Астанадағы ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне 4-ші жыл қатарынан қатысып отыр. Биыл олар 500 келі өнім әкеліпті. Омарташы Ринат Сагутдинов екі күн ішінде бал тегістей сатылып кетеді дейді.

Ринат Сагутдинов – «Сагудинов» ЖК директоры, СҚО:


– Астаналықтарға балдың 4 түрін әкелдік. Олардың барлығы денсаулыққа пайдалы. Сондықтан, өнім жақсы өтіп жатыр. Елордалықтар біздің тауарды ұнатады. Балдың келісі 1200 теңгеден басталады.

Байболат Құлтанов – тілші:

– Дәл қазір жәрмеңке алаңында сауда қызған. Астаналықтар ұзын-сонар кезекке тұрып, теріскейден жеткізілген тауарларды сатып алуда. Әсіресе, елордалықтардың қой және жылқы етіне сұраныстары басым.

Жәрмеңкеде қой етінің келісі – 1050, ал жылқы еті 1200 теңгеден сатылды. Ғабит Мүсірепов ауданынан келген «Ищенко» ЖК астаналықтарға 1 жарым тонна сиыр етін әкеліпті.

Наталья Шарипова – «Ищенко» ЖК сатушысы, СҚО:


–  Саудамыз жақсы жүруде. Түске дейін әкелген өнімнің жартысынан астамын сатып үлгердік. Сиыр етінің келісі 1100 теңге тұрады. Астаналықтар өнімді жоғары бағалауда.

Сонымен қатар, көкөністер жайғастырылған шатырлар да адамдардан босамады. Келісі 55 теңге орамжапырақ пен картопты елордалықтар қаппен сатып алып жатты.

–  Жаңа ұн алдым. Қазір барып жұмыртқа сатып аламын.

– Тауарлардың бағалары өте арзан. Бізге бұл тиімді.

– Солтүстіктен әкелінген ет өте дәмді. Сондықтан жаңа ет сатып алдым.

– Бұл жәрмеңкені асыға күттім. Қазір бірнеше келі май және сүт аламын. Сіздердің тауарларыңыздың дәмі тіл үйіреді.

Тағы, жәрмеңкеде киіз үйлер тігілді. Онда қарттарға арналып дастархан жайылды. Астаналықтар дәмнен ауыз тиіп, жерлестерімізге өз алғыстарын білдірді. Ақсақалдардан бата сұрады. Осы сәтте далада да елордалықтарға арналып тегін палау таратылды. Ал, өңірдің жезтаңдай әншілері мен мың бұралған бишілері жәрмеңке алаңын думанға бөледі.

Жалпы, Астанада солтүстікқазақстан тауар өндірушілерінің ауылшаруашылығы жәрмеңкесі 2 күнге жалғасты.

Байболат Құлтанов