Мәдениет

Астана қаласында Солтүстік Қазақстан облысы күндері аясында бірнеше мәдени іс-шара өтті

Мына, сөрелерде теріскей топырағында дүниеге келген біртуар тұлғалардың 250-ден аса туындылары қойылған. Бұл кітаптардың арасынан, тіпті 17-18-ші ғасырда өмір сүрген Шал ақын, Қожаберген жырау сынды бабалардың шығармаларын кездестіруге болады.

Қайыржан Мәлікова – С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:


–  Солтүстік өңір астығымен ғана емес, ақын-жазушыларымен де белгілі. Бүгінгі көрмеде астаналықтардың назарына теріскейлік белгілі тұлғалардың еңбектерін қойдық.

Жалпы, кітап көрмесі 6 бөлімнен тұрды. Алғашқыларында есімі алты алашқа танымал Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов еңбектерін кездестіруге болады. Ал, мына жерде «Асыл мұра» ғылыми орталығының өкілдері жазған туындылар тұр. Оларда өңірдің тарихы мен облыс аумағындағы ауылдардың тарихы жайлы баяндалады. Келесі бөлім аққайыңдар өлкесінде туылған өнер, спорт, мәдениет қайраткерлеріне арналыпты. Тағы көрмеде электронды нұсқадағы 70-тен аса кітаптар қойылған.

Байболат Құлтанов – тілші:

– Елімізде ең алғаш рет 2003-ші жылы С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада “электронды кітапхана” құрылды. Қазір бұл қорда 16-мыңға жуық цифрланған кітап, мақала және сирек кездесетін басылымдар бар. Көрмеден осындай жаңа нұсқадағы туындыларды кездестіруге болады.

Кітап көрмесі – “Солтүстік Қазақстан облысы: таланттар шоғыры” деп аталды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова өңірдің белгілі ақын-жазушыларына жеке-жеке тоқталып, жастарды сөредегі кітаптарды оқып, рухани азық алуға шақырды.
Сондай-ақ, жиылған жұртқа С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың тың жобалары таныстырылды. Әсіресе, астаналықтарға “көше кітапханасы” мен ауылды жерлерде құрылып жатқан “медиатека” бағдарламалары жайлы айтылды.

Гүлнұр Тұрсынхан – «Даналық» МФК колледжінің студенті, Астана қаласы:

– Маған көрме өте ұнады. Сөрелерде тұрған кітаптармен таныстым.

Теріскейлік мәдениет саласының өкілдері ұйымдастырылған көрмеге ҚР Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы жоғары бағысын берді.

Ғалия Исақанова – ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директорының орынбасары, Астана қаласы:

– Солтүстікте туылған ақын-жазушылардың еңбектерін өзіміз жақсы білеміз. Ал, бігінгі көрме арқылы оларды тереңнен тани алдық деп ойлаймын.

Мәдени жиын соңында елордалықтар өңір тумаларының рухани қазынаға толы кітаптарын және солтүстікқазакстандық суретшілер салған картиналарды тамашалап тарасты.
Сондай-ақ, бұл күні облыстық қуыршақ театрының әртістері балалар үйінде “Менің досым – бағдаршам” атты қойылымды сахналады.

Әртістер ұл-қыздарға қызықты көріністер арқылы бағдаршам түстерін таныстырып, жолда жүру белгілерін түсіндірді. Жалпы, бұл қойылымды театр ұжымы еліміздің 10-нан аса қаласында сахналапты.

Нұрсұлтан Қалқабек – Облыстық қуыршақ театрының актері:


–  Спектакль – балаларға арналған. Бұл қойылымның балғындарға тәрбиелік маңызы өте зор.

Облыстық қуыршақ театрының әртістері балалар үйіндегі жеткіншектерге спорттық жабдықтарды сыйға тартты.

Карина Кудрявцева – Астана қалалық әкімдігінің “Балалар үйі” КММ тәрбиеленушісі:

– Қойылым қызықты болды. Маған өте ұнады.

Анастасия Мажура – Астана қалалық әкімдігінің “Балалар үйі тәрбиеленушісі:


–  Бізге театрлар жиі келіп тұрады. Бүгінгі спектакль басқалардан ерекше болды.

Байболат Құлтанов – тілші:

– Қазір астаналықтар Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына жиналуда. Оларда бүгін теріскейліктер “Дауылпаз баба – Қожаберген” жырау спектакльінің сахналамақ.

“Елім-ай” дастанының желісімен сахналанған қойылым Қожаберген жыраудың үш жүзге ордабасы болуымен басталады. Алайда, көп ұзамай Тәуке хан қайтыс болып, айрандай ұйыған елдің шаңырағы шайқалады. Таққа талас басталып, алаш жұрты жан-жаққа ыдырайды. Мұны пайдаланып іргедегі жоңғарлар Ресей және Қытай елдерінің қару-жарағы арқылы қазақ жерінің біраз бөлігін басып алады.

Осындай қиын-қыстау кезеңде дауылпаз баба Қожаберген елді бірлікке шақырады. Ақыры ол өзінің даналығының арқасында үш жүздің билерінің басын біріктеріп жау иемденген қазақ жерін қайтарып алады. Бұл қойылымды театрдың 10-нан аса актері сахналады. Олар тарихи шығарманы көрерменге ұсыну үшін ұзақ уақыт дайындалған екен.

Баатырбек Шамбетов – С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының режиссері:

– Қойылды сахналау қиынға соқты. Дегенмен әртістер өздерінің шеберліктері арқылы рөлдерді алып шықты деп айтар едім.

Шамамен бір сағаттық қойылымды тамашалаған зал толы көрермен солтүстікқазақстандық өнерпаздардың шеберліктеріне жоғары баға берді.

–  Спектакль өте керекмет болды. Тарихи кезеңді көз алдымызға елестеттік.

– Қойылымның жастарға берер тәрбиелік мәні өте зор. Тағы, солтүсқазақстандық театрлар бізге келіп тұрса қуана-қуана спектакль тамашалауға барар едік.

Кеш соңында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық театр ұжымына облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан ықылас гүлі тарту етілді.

Байболат Құлтанов