МТРА жаңалықтары

Петропавлда инновациялық әдіспен кәріздік желілер алмастырылуда

Тек ол үшін бұрынғыдай жерді қазып, жолды бұзудың қажеті жоқ. Жаңа технологияның арқасында ескі құбырды алмай-ақ, жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады.

Айдын Жанболатов – «Сан Мир Астана» ЖШС коммерциялық директоры, Астана қаласы:


– Бұл технологияның ерекшелігі, дайын жұмсақ материал құдықтардан жерасты құбырларына енгізіледі. Осыдан кейін ауа беру арқылы жаңа құбырдың колибрациясын өткіземіз. Содан соң ультракүлгін сәулелер арқылы жаңа құбырды қатырамыз.

Жаңа құбырлар яғни, шайыр сіңірілген көпқабатты шыныталшықтары жер астына енгізілмей тұрғанда міне мынадай болады. Мамандар оның қатайғандағы күйін де көрсетті. Аталған құбыр 50 жылға шыдас береді екен.

Дулат Байнакаров – «Сан Мир Астана» ЖШС қызметкері, Астана қаласы:

– Ор қазбай-ақ жұмыстарды жүргізу ыңғайлы. Құдық арқылы мамандар жер астына түсіп осы лайнерді белгілікті жерге дейін өткізеді. Белгілікті құбыр бөлігі жасалып, қатайғанан кейін оны кесіп тастаймыз. Құбырдың диаметрі мен ұзындығына байланысты материал 6-7 сағатта қатаяды. Ал жер астында жұмыс жүргізіп жатқан қызметкерлермен біздер рация арқылы үнемі хабарласып отырамыз.

«Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстар жуық арада аяқталады. Әзірге, «Қызылжар су» серіктестігі аталған әдіс бойынша қалада 1300 метр құбыр өткізбекші. Оның атқарылуын неміс мамандары өздері келіп қадағалауда.

Дэвид Киевский – «Веrolina» компаниясының техникалық кеңесшісі, ГФР:


–  «Сан Мир Астана» компаниясы біздің әдіс бойынша жұмыс жүргізуде. Сондықтан, мен Қазақстанға олардың қызметкерлерін үйрету және жұмысын бақылау үшін келдім. Кей жағдайларда біз техникалық қолдау да көрсетеміз.

Немістің бұл технологиясын бүгіндері күллі Еуропа қолданып жатыр. Енді ол біздің елімізге де жеткен. Бүгіндері аталған инновациялық әдіс бойынша жұмыстар Қазақстанның көптеген қалаларында жүргізілуде.

Мағжан Ахмадина