МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмсалып жатқан қаражат “Нұр Отан” партиясының бақылауда

Асқар Жанкин – “Қазавтожол”ҰК” АҚ СҚОФ директоры:


– Ағымдағы жылы «Астана-Петропавл» бағытындағы тас жолдың 87 шақырымы, тағы «Жезқазған-Петропавл» бағытындағы жолдың 11 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталады. Ол – Петропавлдан айналма жол. Сонымен биыл «Бурабай- Көкшетау-Петропавл» бағытындағы жолдың 143 шақырымында қалыпқа келтіру шаралары жүргізіледі.

Асқар Жанкиннің баяндамасынан соң жиылғандар оған сауалдарын жолдады. Солардың бірі жолдың сапасына қатысты болды.

Әлім Шүкенов – “Нұр Отан” СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:


– Жол құрылысында мердігерлер материалдарды барынша үнемдеп жатыр. Битумды өте аз қолданады. Шалшық су мен саздың үстіне асфалть төсеп жатқанын өз көзімен көрдім. Мердігерлер компаниялардың жауапкершілігі жоқ. Бір учаскені жыл сайын-жамап жасқап жатады. Одан да біржола күрделі жөндеу жүргізсе ел қаражаты біршама үнемделер еді.

Соңғы уақыттары төселген жол бір жылға да шыдас бермейді. Жолды нашар төсеген мердігерлер бес жыл ішінде өз қаражаты есебінен кемшіліктерді түзеуге тиісті.

Асқар Жанкин – “Қазавтожол”ҰК” АҚ СҚОФ директоры:


– Құрылыс аяқталған соң кемшіліктер анықталып жатса, мердігерлер, әрине дұрыстауы қажет. Олар сол жолға 5 жыл жауапты болады. Бұл уақытта мердігер компания олқылықты өз қаржысына түзетуі тиіс. Келісімшартта олар банктік кепілдеме береді. Соған сай жолды дұрыстамаса, біз ол кепілдікті алып, басқа компанияларға береміз.

Қаладағы кейбір учаскелерде су құбырларын тарту жұмыстары “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында атқарылуда. Сондықтан, осы бағытта да қолға алынған шаруа – жетекші партияның жіті бақылауында. “Нұр Отан” партиясының өкілдері Гоголь көшесінде су құбырларының орналасуы дұрыс емес деді. Оны екі жарым метр тереңдікте орнату қажет екен. Оған қоса учаскеде жұмыс сылбыр жүріп жатыр. Шаруаның межелі уақытында тындырылуын қадағалап жатқан ешкім жоқ. СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тасмұрат Қадқадамов комиссия алдында бір айдан кейін қайтадан есеп беретін болды.

Берік Қасен