МТРА жаңалықтары

Тұрғындарға мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақы тағайындайтын және жұмыспен қамтушы органдар 9 айды қорытындылады

Арай Нұғыманова – Еңбек, әлеуметтiк қорғау және көшi-қон комитетiнiң СҚО бойынша департаментi басшысының орынбасары:

– Сонымен қатар біздің департамент республикалық бюджеттен бөлек мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындайды. Ол келіншектің босануына байланысты, бала тууына байланысты төлемақылар, еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайда, асыраушысынан айырылу бойынша және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемақы тағайындалады. Сонымен қатар кейбір азаматтар жұмыс істеу барысында мүгедек болып қалса, 70 жасқа толғаннан кейін мемлекеттен ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады.

Баспасөз мәжілісінде мүгедектік топтарын алу қызмет айтарлықтай жеңілдетілгендігі туралы мәлімет берілді. Бұл өзгеріс, әсіресе, шалғайдағы ауыл тұрғындарының жүгірісін азайту үшін енгізіліпті. Баспана кезегінде тұрған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар және түберкулезбен ауыратындар жылына бір рет мемлекет есебінен өтемақы алуға құқылы. Түрмеден босап, қиын жағдайда қалған тұлғаларға да көмек бар. Биыл облыстағы тар көлемдегі 17 маманның әрбіреуі 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтермеақы алыпты. Сондай-ақ, жиында мамандар биыл пилоттық режимде іске қосылған әлеуметтік бағдарлама туралы мәлімет берді.

Гүлмира Жәкенқызы – Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– “Өрлеу” бағдарламасы қаражаттары аз, көпбалалы отбасылардың жағдайларын жақсартуға бағытталып отыр. Тұрақты жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Және 6 ай ішінде жалақысына қалалық бюджеттен қосымша қаражат тағайындалып, төленеді.

Бүгінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы 2 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Шетелден келген қандастарымызға оралман мәртебесін береді және елге жұмыс істеуге келген шетелдік мамандарды тіркейді.

Алмаз Кошманов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл өңірімізге шетелден біржола көшіп келетін 108 отбасыға квота бөлінді. Жыл басынан өзге елдерден 75 отбасы қоныс аударды. Шетелге кері қайтып кету фактілері тіркелген жоқ. Басқа елден келген қандастарымызға тұрақты жұмыс орнын жергілікті атқарушы органдар тауып беруге міндетті.

Биыл аталмыш басқарма мамандары Түркия мен Украина елдерінен келген үш шетелдік маманды тіркепті. Олар өңір аумағындағы макарон шығаратын және мұнай-газ саласына маманданған кәсіпорындарға жұмысқа орналасты.

Берік Қасен