МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық статист мамандар 9 айдың қорытындысын жариялады

Өңіріміздегі басым салалардың бірі, ол – ауылшаруашылығы. Бұнда 9 айдың ішінде 289,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 106 пайызды құрапты. Осының нәтижесінде облысымыз республика бойынша 5-орынға жайғасты. Айта кету қажет, қаңтар-қыркүйек айларының аралығында өңірдегі инфляция 4,9 пайызды құрады. Республикада бұл көрсеткіш 5,6 пайыз екен. Сәйкесінше, тауарлар да біршама қымбаттады.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Азық-түлік тауарлары 4,4%-ға, азық-түліктік еместер 5,7%-ға қымбаттады. Сұйытылған газ 16,1%-ға, бензин 1,1-ға қымбаттады.

Статист мамандардың айтуынша жемістер мен көкөністердің бағасы 5,5 пайызға төмендепті.
Айта кету қажет, облыста жұмысшылардың жалақысы өсіп жатыр. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14,8 пайызға артқан.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 94 мың 362 теңгені құрап отыр. Оның ішінде ірі және орта кәсіпорындарда 12,5%-ға өсіп, сәйкесінше 97 мың 932 теңгеге жетті.

Сонымен, өңір бойынша жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейі қыркүйек айында 22 мың 399 теңгені құрады. Жыл басынан бері ол 22,3 пайызға өсіпті. Тұрғындардың көбі өз табысының 13 мың 439 теңгесін азық-түлік тауарларына алуға жұмсайды екен.

 

Риат Шони