Қоғам

“Ардагерлерімізді ардақтайық” акциясы жүргізілуде

Людмила Михайловна жаз бойы бау-бақшаны күтіп баптайды. Қысқа дайындалады. Көктемде көкөніс егетін топырақты қазір дайындап қояды. Бұл жолы көмектесуге келген жігіттер қар астынан топырақты қазып, арнайы жәшікке салып беріп жатыр. Қария оның арасына жазда ауласының сәнін келтіретін гүл тұқымын да сеуіп қойды.

Архат Ибраев, «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ белсендісі:

– Біз су әкеліп бердік, топырағын дайындап бердік. Телефон шалса кез келген қарияға барып көмектесеміз. Біздің бұл ісіміз өзге жастарға үлгі болса екен.

Міне, осылай Людмила Власова белсенді жастардың көмегімен қысқа қамданып алды. Енді, күнделікті пешін жағып, қалған уақытында сөзжұмбақ шешіп, компьютерлік ойындарды ойнап отырамын дейді. Бүгін келіп, өзіне қолғабыс еткен жастарға үлкен ризашылығын білдірді.

Людмила Власова, еңбек ардагері:

– Балалардың келетінін біліп барлық шелектерімді дайындап қойдым. Шәй, тамағыма, кір жууыма су керек. Ит пен мысық, тауық ұстаймын. Ұлдарым – Ресейде. Қызым – осында тұрады, бірақ үйі алысырақ. Арасында келіп ол да көмектесіп кетеді. Жаз бойы жиған-тергендерімді соларға беремін. Бүгін келіп көмектесіп жатқан ұлдарға көп рахмет.

«Үйімнің алдын қыста жиі жауған қар басып қалады, жыл өткен сайын оны тазалауға шамам келе бермейтін болды» деп қалды әжей бір сөзінде. Бұл ретте белсенді жастар «Қыста да келіп бұл үйдің ауласын тазалап береміз», – деп уәделерін беріп кетті.

 

Акбопе Танирберген