Спорт

Кадеттер мен жасөспірімдер арасында бокстан облыстық ашық біріншілік бастау алды

Рамиз Мамедов – жарыстың бас төрешісі:

– Осы жарыста жасөспірімдер арасындағы үздік шыққандардан жеке құрама жасақталады. Олар алдағы уақытта қалада өтетін Камиль Сафинді еске алуға арналған халықаралық бокс жарысына қатысады. Бұл дода қараша айының соңына жоспарланып өтеді. Жалпы спортшылар жақсы өнер көрсетеді деген сенімдемін.

Көп ұзамай көрерменнің делебесін қоздырған алғашқы жекпе-жек те басталды. Бірінші болып 44 келі салмақ дәрежесінде Петропавл қаласының спортшысы Шерхан Жалпақбаев пен Жамбыл ауданының өрені Ердәулет Жолдасов шықты.

Алғашқы раунд қызыл бұрыштағы боксшы Шерхан Жалпақбаевтың еншісінде қалды. Жанкүйерледің қиқуымен алға басқан 15 жастағы Ердәулет Жолдасов келесі кезеңде қарсыласын жұдырықтың астына алды. 4 жыл бойы құрыштай шыныққан өрен қалған екі раундта қарсыласын аяған жоқ. Шаршы алаңда қуалап жүріп сабады. Осылайша ол өзінің 15-ші кездесуінде 9-шы жеңісін еншісіне жазды.

Ердәулет Жолдасов – жарысқа қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Бірінші раундтағы тактикам қарсыласым маған ұмтылған кезде қарсы соққымен қарсы алу болды. Ал келесі кезеңде өзім біраз жұмыс жасап, алға ұмтылдым. Шешуші үшінші раундта шаршадым. Сол себепті бапкерлерді тыңдап, көп жұдырықтасқан жоқпын.

Кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы облыстық жарыс қазанның 23-іне дейін жалғасады. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль және дипломдармен марапатталады.

 

Риат Шони