МТРА жаңалықтары

СҚО Обмы қаласынан делегация келді

Тұрар Ысқақов – СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Бұл жерде екі жақтың кәсіпкерлері бетпе-бет жүздесіп, әріптестік қатынас орнатудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда. Тың идеяларымен және жобаларымен бөлісуде. Егер де жерлестеріміз омбылықтармен келісіп жатса, онда әріптестік туралы келісім шартқа қол қойылады. Осылайша, біздің облысымыз бен Ресей арасындағы тауар айналымы біршама өсетін болады.

Омбылық «Ламинпак» серіктестігі жерлестерімізге азық-түлік өнімдерін қаптайтын орауыш материалдарын ұсынуда. Қазір аталған кәсіпорын тауардың 10-нан астам түрін шығарады. Бүгінде серіктестік Павлодар қаласының бизнесмендерімен әріптестік қатынас орнатып үлгерген.

Юрий Сиротянко – «Ламинпак» ЖШС директоры, Омбы қаласы, РФ:

– Біздің фирма жұмсақ орауыштар шығарады. Нарықта 5 жыл жұмыс жасап келеміз. Ресейлік сүт кәсіпорындарымен тығыз байланыстамыз. Негізінде қазір павлодарлық «Рубиком» компаниясымен жақсы әріптестік қатынастамыз. Енді Солтүстік Қазақстан облысының сүт зауыттарымен бірге жұмыс жасасақ дейміз.

Петропавлға маңызды жиынға көршілес мемлекеттен 9 кәсіпкер келген. Олар теріскейдің іскерлерімен ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, фармацевтика саласында және ғылыми бағытта жұмыс жасауға дайын. Жергілікті «AVAGRO » серіктестігі Омбы нарығына тіркемелер мен өздігінен жүретін бүріккіштер шығарады. Бүгінгі бизнес-кездесуге кәсіпорын өкілдері жаңа әріптес тауып, Ресей тарапынан салынатын салықты жеңілдету мүмкіндіктерін білу үшін келіп отыр.

Илья Ильин – «AVAGRO » ЖШС экономисі:

– Ағымдағы жылдың басынан біздің серіктестік Омбы облысына 20 бірлік техника жіберді. Біздің өніміміз сапалы және бәсекеге төтеп бере алады. Бағасы да тиімді. Сол себепті, сұранысқа ие. Бізбен жұмыс істегісі келетін ресейлік компаниялар да аз емес. Бірақ, қазір бізге Ресей нарығында жұмыс істеуімізге салықтың жоғарылығы кедергі болып тұр. Жақын арада осы мәселе шешіледі деген сенімдемін.

Айта кеткен жөн, бүгінде солтүстікқазақстандықтар мен омбылықтардың әріптестігі аясында 200 кәсіпорын құрылған.

 

Айгерим Ержанова