МТРА жаңалықтары

Петропавлда теріден жасалған тондар мен қысқы сырт киімдердің көрмесі ашылды

– Мутон, құндыз, жанат дейсіз бе, бұл жерде тондардың ұзынын-қысқасын, ағын-қарасын талғамыңызға сай таңдап алуңызға болады. Қыздардың арасында зор сұранысқа, әсіресе қаракүзен тондары ие. Оның ең арзаны – 340 мың теңге. Ал, мынау – ең қымбаты. Бағасы – 808 000 теңге.

Алған тоныңызға бас киімді де осы жерден таңдап алуға болады. Қоян, түлкі, күзен терілерінен тігілген малақайлармен қатар тоқылған бас киімдер мен күзгі шляпалар да бар. Петропавлдық қыз-келіншектер сәнді әрі сапалы бұл киім-кешектерге үлкен қызығушылық тудыруда.

Радик Фатхрахманов, сауда көрмесінің бас сатушысы, Астана қаласы:

– Біздің «Метелица» фирмасы ресейлік жетекші өндірушілердің тауарларын сатады. Петропавлға жылына бірнеше мәрте келіп тұрамыз. Себебі, жергілікті нәзікжандылар арасында тауарымыз өтімді. Бағасы да сапасына сай. Бізде мутон ішіктердің құны 80 мың мен 200 мың теңгенің аралығында. Созқұндыз тондарының бағасы 130 мың теңгеге дейін. Жыл сайын жаңа сәнге енген киімдерді алып келеміз.

Кішкентай сәнқойларға арналған киімдер көздің жауын алады. Балаларға арналған тондардың бірнеше түрі бар екен. Олардың бағасы 50 мың теңгеге дейін. Ал, ересектердің драп және кашемир пальтоларының бағасы 25 мың теңгеден басталады. Тауарларға жеңілдіктер де қарастырылған.

Радик Фатхрахманов, сауда көрмесінің бас сатушысы, Астана қаласы:

– Қаракүзен тондарға – 10 пайыз, өзге ішіктерге 5 пайыздық жеңілдіктер бар. Сондай-ақ, былтырғы жылдан қалған топтамадағы ішіктерді 50 пайыздық жеңілдікпен сатып жатырмыз. Олар аз қалды. Қолма-қол ақшасы болмаған жағдайда сатып алушы өзіне ұнаған тонды Казком банкі арқылы несиеге рәсімдей алады.

Мамық жүнді жеңіл курткалардың да сан алуан түрі тізіліп тұр. Бағасы 15 мыңнан басталады. Әйелдердің мойынорағыштары, түрлі түсті киімге сай келетін қолғаптар да бар. Тіпті, жылы кебістер мен үйде киетін аяқ киімдерді де осы жерден табасыз. Жастар сарайының залында тұрақтаған сауда көрмесі қазанның 24-іне дейін өтеді.

 

Акбопе Танирберген