МТРА жаңалықтары

Петопавл іргесінде іші пешпен жылытылатын ерекше жылыжай пайда болды

Олег Андрющенко – қала тұрғыны:

– Мына құбыр арқылы жылы ауа жоғары қарай тарайды. Орта тұсына 12 вольттық кішкентай желдеткіш орнаттым. Ол жылы ауаны төмен қарай айдайды. Жылы ауа кішкентай түтікшелер арқылы атыздың (грядка) астына тарап су толтырылған пластикалық құтыларды жылытады. Мына қияр мен шалғам егілген жүйектердің төменгі бөлігіне кесілген ағаштың қиқымдарын төседім. Үстіне қара топырақ септім.

Атызға салынған ағаш пен шөп қалдықтары біраз уақыттан соң шіріп, көңге айналады. Олег Андрющенко алдағы уақытта жауын құрттарын қолдан өсіріп, биогумусты өндірмекші. Бағбаншы өсімдіктерге қажетті тіршілік нәрін жазда жауынның, қыста қардың суын алады екен. Алдағы уақытта тамшылатып суару әдісін қолданбақ. Осылайша, ұтымды технологияның арқасында жыл 12 ай көкөніс жинау мүмкіндігі тумақ. Мына шалқан 10 күннің ішінде осындай болып өсіп шығыпты. Бұдан бөлек Олег Андрющенко электр қуатын өндіруде батареялар арқылы күн көзінің шуағын да пайдаланбақшы.

Олег Андрющенко – қала тұрғыны:

– Суды 5 литрлік мына құтыларға құйып қоямыз. Ондағы су сырттағы күннің көзі мен іштегі жылудың әсерінен жылынады. Суық күндерде жылыжайдың ішіне пеш жағамыз. Оған жалғанған үлкен құбырдың ішінде су жылытылып, пластикалық құбырлар арқылы жылыжайдың ішіне тарайды. Осылайша қыста да бөлме ішіндегі температураны бірқалыпта ұстауға болады.

Жылыжайдың температурасы мен ылғалдылығы термометр арқылы реттеліп тұрады. Жаздың күндері іші +80 градусқа дейін ыситын көрінеді. Келесі жылы Олег Андрющенконың Қызылжар ауданындағы Налобино селосында жалпы аумағы 1 300 шаршы метрге үлкен үй тұрғызып, соның екінші қабатына осындай жылыжай орналастырмақ ойы бар.

Берік Қасен