Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл Петропавлдың көшелерін қардан 169 бірлік техника аршитын болады

Интернационал және Абай көшесіне дейін қаз-қатар тізілген мына көліктер қыста жұмыс істеуге тас түйін дайын. Барлық техникалардың саны – 169. Олар қалада 1 млн 439 мың шаршы метр аумақты ақ ұлпадан тазалаумен айналысады.

Ғали Әбдірашев – Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:

– Қаланы қардан аршу жұмыстары таңертең және де кешкілік уақыттарда жүретін болады. Көктайғақта себілетін құмның 3,5 мың текше метрін әзірледік.

Трактор, бульдозер, шнекоротор. Осы сынды қауқары мықты, тегеурінді техникалар 7 бірдей кәсіпорынға тиесілі. Қыс уақытында қар тазалауға жылда тартылатын мердігерлердің бірі – “Су-808” серіктестігі. Кәсіпорынның техникалық паркінде бүгінде 31 көлік бар.

Вячеслав Старухин – “Су-808” ЖШС директоры:

– Бүгін біз көктайғаққа қарсы құм себу жұмыстарын бастадық. Бізге берілген аумақ, ол – қаланың орталық көшелері. Техникалық парк жылда жаңарып тұрады. Биыл Ресейден бірнеше көлік әкелдік. Алдағы уақытта солармен жұмыс жасайтын боламыз.

Бүгін қауырт маусымда тынымсыз жұмыс істейтін техникалармен облыс әкімі Ерік Сұлтанов танысты. Компаниялардың дайындығы туралы өңір жетекшісіне қала басшысы Марат Тасмағанбетов баяндады.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Облыстық мәслихаттың сессиясында қосымша 60 млн теңге бөлінді. Жалпы керек қаражаттың сомасы 350 млн теңге маңайында. Өткен жылы қардан тазалау жұмыстарында 339 млн теңге жұмсалды. Биыл жыл соңына дейін 60 млн теңге бар. Тағы қаражат бөлінеді.

Өңір жетекшісі қала әкіміне техникалардың қатарын толықтыруды тапсырды. Әсіресе, қар артушы көліктердің саны қыс уақытында 10-ға жетсін деген міндет жүктеді. Бұдан соң Ерік Сұлтанов қаланы ақ ұлпадан аршитын мердігерлердің техникаларымен танысты. Компаниялар қауырт маусымға деп 10 су жаңа көлік сатып алыпты. Солардың бірі – ресейлік ДЭМ-124 қар артқышы. Бұның көмегімен жолдарды ақ ұлпадан тазалып, оны 20 метр биіктікке дейін лақтыра алады. Осы ретте аймақ басшысы дәл осындай техниканы өзімізде де сынақ ретінде әзірлеп көруді тапсырды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Темір бұйымдарды өзімізде де жасай аламыз. Еш қиындығы жоқ. Өндірушілерден көшірмесін алып, өзіміздің зауыттарда жасап көру қажет. Марат Иманбайұлы, бұл туралы кәсіпорын басшыларының біреуіне айтыңыз.

Негізі қаланы қардан аршу жұмыстары әдетте қазаннан басталып сәуірге жалғасады. Былтырғы қауырт маусымда қала аумағынан 535 мың текше метр ақ ұлпа шығарылыпты.

 

Риат Шони