Білім

Биыл өңірдегі 7 жарым мыңға жуық аз қамтылған оқушы мектепте тегін тамақ ішеді

Ольга Жолудева – Бескөл орта мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы:

– Асханаға біз күнде келеміз. Осында сыныптастарыммен тамақ ішемін. Мұндағы тамақ өте дәмді. Әсіресе, маған картоп қосылған бәліш ұнайды.

Мектеп асханасында 4 маман жұмыс істейді. Олар ас мәзірін әр күн сайын өзгертіп отырады екен. Мәселен, ертең аспаздар сорпа мен бұқтырылған балық әзірлемек.

Татьяна Гусельникова – “Арман” Қамқоршылық Кеңесі” қоғамдық қорының наубайшысы:

– Біз жұмысқа таңғы 6-да келеміз. Кейін, күндегі ас мәзірін дайындауға кірісеміз. Өзім күніне 100-120 бәліш пісіремін. Тамағымыз оқушылардың көңілдерінен шығады.

Бескөл орта мектеп-гимназиясындағы оқушыларды тамақпен жергілікті “Арман” Қамқоршылық Кеңесі” қоғамдық қоры қамтамасыз етеді. Аталған ұйым осыдан 10 жыл бұрын құрылыпты. Содан бері шәкірттер бағасы қалта көтерерлік дәмді ас ішіп келеді.

Нина Маслова – Бескөл орта мектеп-гимназиясының директоры:

– “Арман” Қамқоршылық Кеңесі” қоғамдық қоры мектеп-гимназиядағы асхана ішіндегі жабдықтардың барлығын жаңалады. Жуырда тағы ыдыс-аяқ сатып алдық. Біз тағамның бағасының өспеуін үнемі қадағалап отырамыз. Ата-аналар да балаларының қандай ас ішіп жүргендігін қадағалау үшін бізге келіп тұрады. Сонымен қатар, жетім, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 45 оқушы тегін тамақ ішеді.

Бүгінде Қызылжар ауданындағы барлық 45 мектепте асхана бар. Оларда 5 жарым мыңнан астам оқушы тамақтанады екен. Ал, биыл өңірдегі 427 білім ұясындағы асханаларға аудандық қазынадан 128 млн теңгедан аса қаржыға жаңадан қажетті жабдықтар сатып алыныпты.

Ғалия Ілиясова – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Өңірдегі барлық 509 мектепте асхана бар. Оларда күн сайын жетім, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 7 мыңнан аса оқушы тегін ас ішеді. Ал, 5 мыңға жуық шәкірт демеушілердің көмегімен тамақтанады. Мектептердегі тамақ бағасы тұрақты.

Биылғы оқу жылында өңірдегі аз қамтылған 509 мектеп оқушыларын тамақтандыру үшін жергілікті бюджеттен 119 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

 

Култанов Байболат