Денсаулық сақтау

СҚО соңғы 9 ай ішінде онкологиялық ауруға шалдыққан адамдар саны 2%-ға өскен

Қала тұрғыны Галина Сотникова 54 жаста. Қазір ол денсаулығына алаңдаулы. Өйткені, өңірімізде жастары 50 мен 60-тың маңайындағы әйелдер сүт безі ісігіне жиі шалдығады. Сол себепті, Галина қазір жоспарлы түрде ақ халаттылардың көмегіне жүгініп, тексерістен өтіп тұрады.

Галина Сотникова:

– Мен жоспарлы профилактикалық қаралуға келдім. Маммолог дәрігердің көмегіне жүгініп, сүт бездерін тексерттім. Өйткені, қазір онкологиялық ауруға шалдығу фактілері жиі кездесуде. Денсаулығымызды күтуіміз керек.

Мамандардың айтуынша, соңғы кездері бұл ауру жасарып келеді. Бүгінде аталған дертке 30-ға толмаған қыз-келіншектер де шалдығады екен. Кеселдің алдын алу үшін нәзікжандылар үнемі маммолог дәрігерлердің тексерісінен өтуі керек.

Алексей Павлухин – №1 қалалық емхананың маммолог дәрігері:

– Негізі сүт бездерін үй жағдайында да тексеруге болады. Мысалы, ең ыңғайлысы, айнаның алдына тұрып бақылау. Екі кеудеңіздің пішіні бірдей болу керек. Яғни, кескініңізде ешқандай өзгеріс болмауы шарт. Сонымен қатар, сүт безі ауруын омырауды екі қолмен басып ұстау арқылы анықтауға болады. Бірақ, негізінде дәрігер мамандардың тексерісіне келген дұрыс. Өйткені, кейбір кездері нәзікжандылар ауруларын асқындырып келеді.

Айта кеткен жөн, қазір №1-ші қалалық емханада әйелдер денсаулығын сақтау бойынша онкүндік өтуде. Шара қазанның 21-не дейін жалғасады. Ал 22-сі күні бұл мекемеде ашық есік күні өтеді.

 

Айгерим Ержанова